Қазақстандық оқушылар Бейжіңде өткен робототехника турнирінде жоғары нәтиже көрсетті. 25 елдің басын қосқан FIRST LEGO League Asia Open Championship 2026 халықаралық чемпионатында ел намысын 23 команда қорғады.
Халықаралық жарысқа 375 команда қатысты. Олар бағдарламалау, инженерлік шешімдер және командалық жұмыс бағыттары бойынша сайысқа түсті. Ел намысын қорғаған командалардың үшеуі күміс, бесеуі қола жүлдені иеленді. Халықаралық жарыста екінші орын алғандардың бірі – алматылық «KAZBOT» командасы. Олар сайысқа екі ғылыми жоба ұсыныпты.
Айдана Ермек, робототехника пәнінің мұғалімі:
- Негізгі мақсат – біздің балалардың STEM бағытында жұмыс жасауы. Ғылыми жобасы бар, робот ойындары бар. Негізгі құндылығы – ғылыми жобасы және оқушылар жасаған роботтары, артефакттарды сақтайтын сондай робот.
Алматылық команданың жұмысына шетелдік сарапшылар қызығушылық танытыпты. Жобаның жоғары бағалануы да бекер емес. Оқушылар заманауи археологияда пайдаланатын робот жасаған. Оның негізгі мақсаты – археологиялық қазба кезінде табылған жәдігерлерді қауіпсіз зерттеуге көмектесу. Себебі, жер астынан табылған көне бұйымдардың бетінде адам денсаулығына зиянды бактериялар болуы ықтимал. Сондықтан, робот бұйымдарды арнайы өңдеп, залалсыздандыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, жасанды интеллектке негізделген AI Ustion жобасы бар.
Димаш Айтмұрза, №207 жалпы білім беретін мектеп оқушысы:
- AI Ustion жерден шыққан сүйек, соған анализ жасайды. Ол қай жылғы, ненің сүйегі, сол туралы анализ жасап, ақпараттар айтып береді.
FIRST LEGO League бағдарламасы аясында Қазақстанда жыл сайын 150-ден аса жарыс ұйымдастырылады. Оларды USTEM Foundation қоғамдық қоры Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен өткізеді.
Авторлар: Ернұр Рысбай, Әбен Нарымбаев.