Шығыс Қазақстанда жиырма жылдан астам уақыт бойы жаңа ғимаратты армандап келген «Шаңырақ» мектеп-гимназиясының ұжымы биылғы оқу жылын заманауи білім беру мекемесінде қарсы алады. Риддер қаласындағы жалғыз қазақ мектебіне арналған нысанының құрылысы аяқталды. Қазір соңғы дайындықтар жүргізіліп жатыр. «Шаңырақтың» жаңа шаңырағы несімен ерекше? Білім ошағының басынан қандай қиындықтар өтіп еді?
«Шаңырақ» – Риддер қаласындағы жалғыз таза қазақ тілді мектеп. Әу баста ол үйірме ретінде ашылса, кейінен орта мектеп болып, соңынан көпсалалы гимназияға айналды. Алайда осы 35 жылдық тарихы бар білім ошағындағы оқушылар қабырғасы қақырап, едені сықырлап тұрған көне мекемеде оқып келді.Тіпті мектептің тарлығынан екі корпусқа бөлініп, ары-бері ауысып амалдады. Әйтуір, мұғалімдер мен ата-аналардың көпжылғы шағымынан соң, 2023 жылы бұл білім беру орнына жөндеу жүргізілетін болды. Гимназия уақытша өзге мектептің ғимаратына көшірілді. Кейіннен «Шаңыраққа» арналған жаңа нысан салу туралы шешім қабылданды.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Үш жылдан астам уақыт бойы бір ғимаратты басқа мектеппен бөлісіп, пайдаланып келген «Шаңырақ» енді жаңа шаңыраққа көшіп жұмысын бастауға дайын отыр. 1 қыркүйекте білім ошағы мынадай заман талабына сай мекемеде өз оқушыларын қарсы алады.
Талай ұстаз, талай ата-ана мен оқушы армандаған жаңа мектеп жарқырап тұр. Мұнда пән кабинеттері талапқа сай жабдықталып, тиісті құралдармен қамтылған. Мәншүк Қамзаева «Шаңырақта» 30 жылға жуық еңбек етіп келеді. Өз балалары да осы мектепті бітірген.
Мәншүк Қамзаева, мұғалім:
- Біз алғаш Риддерге көшіп келгенде алғашқы қазақ мектебі бесінші сыныптан ғана басталып тұр екен, ал менің балам бес бітіріп кеп қойған үлкен ұлым,содан мен үлкен ұлымды қайтадан беске беруге тура келеді,өйткені алтыншы сынып жоқ.Сөйтіп ұлым бесінші сыныпты екі жыл оқуға тура келді. Осы мектепті аңсадық,шіркін бір қазақ жаңа мектеп бізге бұйырса деген, сол арманымызға жетіп қуанып жатырмыз.
Нұрлан Тілембаев еңбек пәнінің мұғалімі. Ескі мектепте балалармен жұмыс істеуге мүлдем мүмкіндік болмап еді,- дейді ол. Сол себепті заман талабына сай ғимараттағы алғашқы сабағын асыға күтіп жүр.
Нұрлан Тілембаев, еңбек пәнінің мұғалімі:
- Еңбек құралдары жеткіліксіз,кабинетіміз жұмыс істеуге талапқа сай келмеді, енді міне ең бірінші жаңа мектепке келген соң оқушылардың осы пәнге деген көзқарасы өзгереді. Өйткені бұл жерде ұлдарға бөлек кабинет, қыздарға бөлек кабинет, еңбек құралдары талапқа сай техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтауға болады.
600 орындық мектептің асханасы да, спорт залы да кең. Мекемеге оқушылар қаланың әр бөлігінен келеді. Соған орай шалғайдағы балалар үшін арнайы тасымал ұйымдастырылмақ.
Еркебұлан Махтиев, «Шаңырақ» көпсалалы мектеп-гимназиясының директоры:
- Алыс шалғайда тұратын балаларымызға біз арнайы тасымал подвоз ұйымдастырып отырмыз, бізде 108 бала ондай соны тасымалдаймыз. Ол үшін автобусымыз дайын жүргізушіміз бар.
Жалпы Риддерде соңғы бес жылда 3 жаңа білім ошағы салынды. Ал биылғы оқу жылында облыста 150 және 50 орындық тағы екі мектеп ашылады.
Авторлар: Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов.