«Келешек мектептері»: Ақтөбе облысында 4 жаңа мектеп ашылады

  • 7
  • 21.08.2026, 19:41

Ақтөбе облысында Білім күні төрт жаңа мектеп ашылады. Заманауи ғимараттар «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып, толықтай жарақталған. Жалпы өңірде аталған мемлекеттік бағдарламаның қолдауымен 14 мектеп салынды.

Ақтөбенің «Оңтүстік-Батыс» шағынауданындағы су жаңа мектепке оқушыларды қабылдау жалғасып жатыр. Білім ордасы мамандары құжаттарды реттеп қана қоймай, ата-аналар мен балаларға экскурсия да өткізіп тұрады. Әлі сыры кеуіп үлгермеген кабинеттер мен заманауи оқу құралдары көз тартып, оқушылардың білім алуға құштарлығын арттыра түседі. «Келешек мектебінде» екі ауысымда 600 оқушы бала білім алады.

Мәриямхан Шабылова , қала тұрғыны:

Біз бұрын  «Юго-Запад 1-де»оныншы мектепте едік. Автобуспен қатынау қиындау еді.  №87 мектеп - көптен күткен мектебіміз. Өте қуаныштымыз. Үйдің жанынан автобусқа мінбей,  жаяу барып келеміз.

Ал «Алтын Орда» шағынауданында 1800 орындық «Келешек мектебі» жұмысын бастайды. Оқу кабинеттері, зертханалар, кітапханалар мен STEM-зоналары және жаңа үлгідегі пән кабинеттері заман талабына сай жабдықталған. Қазір білім ордасы 1430 баланың құжатын қабылдады. 700 бүлдіршін бірінші сыныпқа жазылған.

Ақгүл Кисикова,  №81 орта мектебі директорының міндетін атқарушы:

Қазіргі таңда біздер педагогтары қабылдап жатырмыз. Конкурстың қорытындысы енді шығады. Бұған да 500-ге жуық педагогтар қатысты. Енді бірінші қыркүйек күні толыққанды жұмысымызды бастап кетеміз деп сенеміз.

 «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында салынған 14 білім ордасында бір ауысымда 11 400 бала білім алады. Нәтижесінде өңірде оқушы орны тапшылығы жойылып, үш ауысымды кесте және апатты мектеп мәселелері шешімін тапты.

 Бұлбұл Күзембаев, облыстық білім басқармасының басшысы:

Темір ауданында Жансен Кереев атындағы орта мектеп – апатты жағдайдағы мектеп. Соның орнына жаңа «Келешек мектебі» салынды. Қазір құрылыс жұмыстары аяқталды. Бірінші қыркүйекте балалар кіреді деп жоспарлап отырмыз.

Жалпы Ақтөбе облысында 194 мың оқушы бар. Олардың 19 мыңнан астамы алдағы оқу жылында мектеп табалдырығын алғаш аттайды.

Авторы: Мансұр Есқожин, Айнажин Молдабеков, Айбек Даутов