Ұлытауда ұстаздардың тамыз кеңесі өтті

  • 6
  • 25.08.2026, 19:42

Ұлытау облысында дәстүрлі тамыз кеңесі өтті. Жиында өткен оқу жылы қорытындыланып, жаңа оқу жылына арналған міндеттер айқындалды. Көрмеде оқушылардың жетістіктері мен робототехника, жасанды интеллект бағытындағы жобалары таныстырылды. Сондай-ақ білім беру инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланды.

Есет Байкен, облыс әкімі:

Жезқазған қаласында оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында биыл мың орындық «BINOM» мектебі салынады. Сонымен қатар жатақханаларымен бірге әрқайсысы 400 орындық ұлдар мен қыздарға арналған білім-инновация лицейлері бой көтереді. Кейін Сәтбаев қаласы, Жаңаарқа және Ұлытау аудандарындағы ескі мектептер кезең-кезеңімен жаңартылады.

Қазір өңірдегі 18 мектепте күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр.Алдағы кезеңде 30 мектептің спорт алаңы жаңғыртылып, 90 пәндік кабинет жабдықталады. Балабақшадағы орын тапшылығын азайту үшін Кеңгір ауылы мен Сәтбаев қаласында екі бөбекжай салу жоспарланған.

Кеңесте білім саласына үлес қосқан бірқатар педагог марапатталды.

Айгүл Ахметова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері:

Бүгінгі көңіл күйім өте керемет. Менің 39 жылдық еңбегім ескеріліп, осындай құрметке ие болып отырмын. Біздің болашағымыз - жастарымыз биіктен көріне берсін. Оларға үміт артамын.

Жиында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мұғалімдердің біліктілігін арттыру және оқу процесіне жасанды интеллектіні енгізу жолдары да сөз болды.

Авторы:Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов, Гүлшахира Серекбаева