Ақтөбеде дәстүрлі тамыз конференциясы өтті. Жиынға өңірдегі барлық білім беру ұйымдарының ұстаздары қатысты.
Биылғы кеңестің басты тақырыбы – «Жаңа конституцияның стратегиялық бағдары – білім, құндылық, адами капитал». Алқалы жиында білім беру жүйесінің даму бағыттары сараланып, жаңа оқу жылындағы басым міндеттер айқындалды.
Дәстүрлі тамыз кеңесі - білім беру саласы мамандарының өзекті мәселелері талқыланатын басты алаң. Биылғы жалпы отырыста оқу-ағарту ісін дамыту, «Білім-Инновация» лицейлерінің тәжірибесін өңірлік білім беру жүйесіне енгізу, сондай-ақ жасанды интеллект мүмкіндіктері сөз болды. Іс-шараға қатысқан облыс басшысы білім беру саласына жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын жеткізді.
Асхат Шахаров, облыс әкімі
- Өңіріміздің 40% бюджетін тек қана осы салаға жұмсаймыз. Ең бастысы - инфрақұрылым, жаңа мектеп, ескі мектептерді күрделі жөндеуден өткізу, құрал жабдықтармен қамтамассыз ету. Былтыр мысалы, әр колледжге 100 млн берген қаржымыз қаншама жаңашылдық, жаңа технологиялар, жаңа құралдар, жаңа деңгейге біздің түлектерді шығарып отыр. Осы жұмыстарды жалғастыратын боламыз.
Білім күні Ақтөбеде 7 жаңа оқу ордасы ашылады. Олардың төртеуі заман талабына сай «Келешек мектебі» өз есігін ашты. Жалпы өңірде шалғайдағы елді мекен балаларын сапалы біліммен қамтамассыз етуге көңіл бөлінді. Конференция барысында да ауыл мектептерін дамытудың тиімді модельдері талқыланды.
Райгүл Көсегенова, ҚР Білім беру ісінің үздігі:
- Нағыз педагог негізінде жан-жақты, креативті, әр шәкірттің тұлғалық әлеуетін дамытуға қабілетті, жан-жақты болуы керек. Өйткені елдің болағашы бәсекеге, білімге қабілетті ұрпақтың қолында.
Тамыз кеңесінде білім беру саласының озаттары марапатталды. Ұлағатты ұстаздарға «Құрмет» ордені, «Еңбек ардагері», Ы.Алтынсарин медальдері мен «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісі табысталды. Жоғары көрсеткіш және тиімді жұмыс көрсеткен өңірдің 6 мектебіне 11 млн теңге сыйақы табысталды.
Авторы: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов