Алда өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы, көлік пен логистика, энергетика сынды салаларда мамандарға деген қажеттілік артады. Олар қазірдің өзінде тапшы, мәселен, көлік саласына жаңа технологиялардың енгізілуіне байланысты 30 жаңа мамандыққа сұраныс пайда болған. Ал құрылыста 102 мың, ауыл шаруашылығында 73 мың маман жетіспейді. Елімізде сұранысқа сай қандай жаңа мамандықтар ашылды? Еңбек нарығындаға ахуал қандай?
Дәл қазір Қазақстанда жұмыс істеуге қабілетті 9,8 млн адам бар екен. Оның 96% еңбекпен қамтылған. Бір қарағанда, тәуір көрсеткіш. десе де, Үкімет алаңдаулы тұр. Өйткені 2035 жылға дейін ел экономикасына 3 млн-ға жуық маманның қажеттілігі туындайды.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- 2030 жылға қарай сұраныстың 53%-ы техникалық және кәсіптік Білім беру мамандарына тиесілі, мамандарға ең көп қажеттілігі бар салалар ауыл, орман және балық шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету саласы және тағы басқа мамандықтар, 73 мың кәсіпорынға жүргізілген сауалнама нәтижелері бойынша орта мерзімді қажеттілік 437,9 мың маманды құрайды.
Мамандар талдау жасапты. Осы қажетті мамандардың 45%-ы жоғары білімді, ал 55%-ы арнаулы орта білімді игерген азаматтар болуы қажет. Ақтөбе облысы қазірден соған қамтамасыз жасап жатыр. Өңірде былтырғымен салыстырғанда гранттар саны екі есе артқан. Колледждерде өндіріс орындары үшін «Көтерме-көлік машиналары мен конвейерлерін басқару», «Маркшейдерлік іс», сондай-ақ «Бақ-саябақтарды күту» сияқты мамандықтар ашылған. Ал жаңа оқу жылынан бастап логопедтер мен лифт жөндеушілерді даярлайды.
Бұлбұл Күзембаева, облыстық Білім басқармасының басшысы:
- Мемлекеттік тапсырысты бөлген кезде нақты еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға басымдық берілді. Яғни техникалық, инженерлік мамандықтар, құрылыс, ауыл шаруашылығы, медицина, ақпараттық технологиялар, сондай-ақ қызмет көрсету салаларына мамандарды арттырып жатыр.
Технологиялық даму, жасанды интеллект, демографиялық өзгерістер мен «жасыл» экономика еңбек нарығын түбегейлі өзгертіп жатыр. Соның әсерінен соңғы жылдары әлемде 200-ден астам жаңа мамандық пайда болып, 100-ге жуығы өзгерген.
Дүниежүзілік экономикалық форумның бөлім жетекшісі Тилль Леопольд: «Қазір бизнес пен үкіметтің бірлесіп жұмыс істеп, әділ әрі тұрақты еңбек күшін қалыптастыратын уақыт келді. Мамандардың дағдыларын дамытуға инвестиция салған жөн. Технологиядағы қарқынды өзгерістер тұтас салалар мен еңбек нарығын түбегейлі өзгертуде, бұл үдеріс бұрын-соңды болмаған жаңа мүмкіндіктермен қатар, елеулі тәуекелдер де туғызады» деп мәлімдеді.
Мамандардың «тәуекел» деп тұрғаны мынау, болашақта 125 мамандыққа сұраныс төмендеуі мүмкін. Сондай-ақ сарапшылар ең жылдам дамитын мамандықтардың басым бөлігі технологиямен байланысты екенін жиі айтады. Олардың қатарында жасанды интеллект және машиналық оқыту мамандары, Big Data және киберқауіпсіздік мамандары бар.
Авторы:Ердәулет Ыбырайұлы