Елордада ғарыш саласына қатысты форум өтіп жатыр

  • 4
  • 07.09.2026, 18:42

Ғарыш енді тек зымыран ұшыратын сала емес, экономиканың, цифрландырудың және ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бір бөлігі. Сондықтан еліміз спутниктік инфрақұрылымды дамытып, әлемдік ғарыш нарығындағы орнын күшейтуді көздеп отыр. Бұл туралы Қазақстандағы ғарыш күндерінде айтылды.

Елордада өтіп жатқан халықаралық форумға 50-ден астам елден ғылым мен технология өкілдері, ғарыш агенттіктері қатысуда. Мақсат – ғарыш саласындағы технологияларды таныстырып, халықаралық ынтымақтастықты күшейту және бірлескен жобаларға жол ашу. Форумның соңғы күні Байқоңырда жалғасады. 9-шы қыркүйек күні қатысушылар зымыран ұшырылымын тамашалай алады. 

Баубек Оралмағамбетов, ҚР ЖИЦДМ Аэроғарыш комитетінің төрағасы:

- Өздеріңіз білетіндей, 30-сәуірде «Союз-5/Сұңқар» зымыраны «Бәйтеректен» ұшты. Сол жобаны да жалғастыру ретінде көптеген келіссөздер жүргізілетін болады. Сонымен қоса осы Астанада құрастыру-сынау зауыты бар. Сол зауытта біздің инженерлер құрастырған спутниктер топтамасы дайындалып жатыр. Біз басқа елден келген өкілдерге де өзіміз жинаған спутниктерді, өзіміздің біліктілігімізді көрсеткіміз келеді. 

Мерей Мұқажан, Түркі мемлекеттері ұйымы бас хатшысының орынбасары:

- Түркі мемелекеттері ұйымы ғарыш тақырыбына да аса мән береді. Қазіргі таңға дейін Ғарыш агенттігі басшыларының 5 жиынын өткіздік. Ол нақты нәтиже де беруде. Бұйырса жуық арада біздің өз спутнигіміз ғарышқа ұшырылатын болады. CubeSat деп аталады. Сол бойынша қазір қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Соның негізгі бөлігін Қазақстан инженерлері дайындап шықты.

Елімізде KazSat-3R ұлттық байланыс спутнигі құрылады. Жоба бүгінгі халықаралық форумда шетелдік ғарыш агенттігі өкілдеріне таныстырылды. Жаңа аппарат телекоммуникация саласының сыртқы технологияға тәуелділігін төмендетуге бағытталған. Сонымен қатар Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігі мен технологиялық егемендігін нығайтпақ. Ол қазір пайдаланылып жүрген KazSat-3 спутнигін алмастырады. Мамандар KazSat-3R жүйесінде планетаны нақты уақыт режимінде «оқи алатын» ақылды нейрожелілер бар екенін тілге тиек етті. Жобаны жүзеге асыруға Үкімет резервінен 10,4 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп отыр.

Болат Сейітов, «Республикалық ғарыштық байланыс орталығының» департамент директоры:

- KazSat-3 жер серігін алмастыру бойынша қазір жұмыстар басталып кетті. 2029 жылы орбитаға жаңа жер серігін шығарамыз деп жоспарлап отырмыз. Қазір сатып алу рәсімдері өтіп, халықаралық форумға дүниежүзінің түкпір-түкпірінен ең беделді деген жер серіктерін жасау компаниялары келіп отыр. Солармен әртүрлі деңгейде келіссөздер өткізіліп жатыр.  

Хани Эль Арджа, Eutelsat OneWeb спутниктік компаниясының байланыс қызметтерін сату жөніндегі вице-президенті, Ұлыбритания:

- Қазақстан – «KazSat» байланыс спутниктік тобы бар Азиядағы жалғыз ел. Бүгінде сіздердің елдеріңізде «KazSat-2» және «KazSat-3» ғарыш аппараттары сәтті жұмыс істеп, интернет пен телерадио хабарларын тарату сапасын арттырып отыр. Сондықтан біз бүгінгі халықаралық форумда  байланыс спутниктерін дамыту жөніндегі ынтымақтастық мәселелерін талқылайтын боламыз.