Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы

Қарағандыда ауа сапасын бақылайтын жаңа жүйе іске қосылды

  • 0
  • 26.11.2026, 18:25

Қала тұншығып жатыр. Бұл қара бұлт астында қалған Қарағанды жайлы. Жылыту маусымы басталса, шаһар үстін қою түтін басады. Бұл жылдағы көрініс. Жеке үйлердің мұржасынан шыққан түтін өндіріс орындарының зиянды қалдықтарымен араласып, онсыз да күрделі экологиялық ахуалды ушықтыра түседі. Әсіресе желсіз күндері кеншілер шаһары көк түтінге булығады.

Биыл 9 айда облыста ауаның шамадан тыс ластануының 232 дерегі тіркелген. Ал күзгі көрсеткіштер бойынша Қарағанды еліміздегі ауа сапасы ең нашар қала ретінде аталды. Мәселе бұрыннан бар. Бірақ жылдар бойы неге шешілмей келеді? Қаланы түтіннен арылтудың нақты жолы қандай? Экологиялық ахуалды жақсартуға не кедергі болып отыр?

Руслан Нұрланұлы, тілші:

– Бұл жылдар бойы қордаланған мәселе. Қазір де өзекті күйінде. «Қазгидрометтің» мәліметінше, күз айларында Қарағандыдағы ауаның ластану деңгейі жоғары болған. Мұны тұрғындар да айтып, шағымданды.

Блиц-сауалнама:

– Түтін, бұлттың барлығы қараға басып тұрады. Терезені ашып, демала алмаймыз. Анау жел болмаған кезде бар ғой, қысым жерге басады ғой. Енді сол газ, газификация келді. Соны жасаса тіпті жақсы болады.

Қазір Қарағандыда ауа сапасын тәуелсіз бақылайтын жаңа жүйе қолданысқа енгізілді. Қаланың бірнеше аумағына 12 қабылдағыш датчик орнатылған. Олар көлемі 2,5 микрометрге дейін жететін өте ұсақ шаң бөлшектерін өлшейді. Тәуелсіз эколог Дмитрий Калмыковтың айтуынша, қаланы тұмшалайтын түтіннің негізгі себептерінің бірі – жеке үйлер мен шағын қазандықтарда жағылатын көмір сапасының төмендігі. Көбіне алыпсатарлар тұрғындарға сапалы отынның орнына көмір қалдықтарын сатады.

Дмитрий Калмыков, эколог:

– Бұрын бұл арнайы бақыланатын. Тіпті көмірді арнайы жуатын орындар да болды. Көмір қалдығының құрамында шаң мен күкірт өте көп. Әсіресе ұзақ уақыт жанатын, үнемді пештерде, яғни «апталық» пештерде жаққан кезде ауаға зиянды қалдықтар өте көп бөлінеді.

Биыл тоғыз айда облыста ауаның жоғары деңгейде ластануының 232 дерегі тіркелген. Соның басым дені күз айларында Қарағандыда болған. Ауаның сапасын бақылайтын халықаралық IQAir платформасының мәліметінше, 2025 жылдың осы сәйкес кезеңінде Қарағанды ауасы лас қалалардың алдыңғы қатарынан бір-ақ шыққан.

Лариса Левченко, облыстық Экология департаменті бөлімінің басшысы:

– Биыл тоғыз ай ішінде Экология департаментінің мамандары 4 мыңнан астам сынама алып, 9 мыңнан астам зертханалық анықтау жүргізді. Анықталған шекті мөлшерден асу деректері бойынша бақылау шаралары ұйымдастырылып, инспекторлық ден қою шаралары қабылданды. Жағдай әсіресе жеке сектор аумағында күрделенген.

Қазгидрометтің мәліметінше, биылғы жылдың тоғыз айында Қарағанды облысының атмосферасына 294 мың тоннаға жуық зиянды қалдық тараған. Кәсіпорындар да ауаға тарайтын зиянды қалдықтардың негізгі көздерінің бірі болып отыр. Осыған орай коммуналдық-тұрмыстық, әрі өнеркәсіптік 190 кәсіпорын газға қосылған. Ал негізгі ауаға көп мөлшерде зиянды қалдық шығаратын 12 кәсіпорынның 8-не Экология департаменті тарапынан үздіксіз мониторинг жүйесі орнатылды. Енді екеуі өздері қосылды. Алдағы уақытта тағы екеуі осы жүйеге қосылатын болады.

Денис Выдрин, ЖШС Экологиялық реттеу және жобалау департаментінің директоры:

– Қазір оларға қатысты заң күшейген. Оның орындалысын құзырлы органдар назарда ұстауы тиіс. Ал қыста оған жеке сектордағы үйлердің түтіні қосылғанда жағдай тіпті қиындайды. Мәселені шешудің негізгі жолы – жеке үйлерді түгел газдандыру.

Қарағандыда бұл жұмыс жеті жыл бұрын қолға алынды. Жоба аясында жалпы ұзындығы 973 шақырым болатын газ желілерін тарту көзделген. Барлығы 16 іске қосу кешенін қамтитын құрылыс кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Жобаның қуаттылығы жеке сектордағы 28,6 мың абонентті толық қамтуы тиіс. Газ құбыры үйлердің ауласына дейін жеткізіледі, ары қарай иелері өздері қосқызып алуы тиіс. Бірақ бұл үрдіс өте баяу жүруде.

Әлішер Несіпбай, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының маманы:

– Қарағанды қаласында әлі жұмыстар өткізілуде. Біз жобалап жатқан жұмыс 2036 жылы аяқталады деген ойдамыз. 10 мың үйге тартылып тұр. Оның ішінде 6 мың үй қосылған.

Тұрғындардың газға қосылу белсенділігінің төмендігіне басты себеп қаражатқа келіп тіреледі. Мәселен, бір үйді газға қосу үшін шамамен бір миллион теңге жұмсалады. Облыс орталығында халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын адамдарға бірнеше жыл бойы газдандыруға арналған біржолғы материалдық көмек берілді. Биыл бұл мақсатқа 73 миллион теңгеден астам қаражат бөлініп, 124 отбасы көмек алған. Қаладағы жеке секторды газдандыру жұмысы 2036 жылы толық аяқталуы тиіс. Мұның бәрі экологиялық ахуалды жақсартудың қамы.