Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы

Қ. Тоқаев Мәскеудегі AI Journey конференциясында сөз сөйлейді

  • 0
  • 26.11.2026, 18:01

Мәскеуде AI Journey халықаралық конференциясы өтіп жатыр. Жасанды интеллектінің даму қарқыны мен оның әлемдік экономикаға ықпалы талқыланатын жиынға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысып, арнайы сөз сөйлейді. Әлбетте, бұл тақырыпта Қазақстанның айтары бар. Биылғы Жасанды интеллектіні дамыту жылы аясында атқарылған жұмыстар еліміздің бұл саладағы әлеуетін еселеді.

Сағыныш Әбікей, тілші:

– Жасанды интеллект – мемлекеттердің экономикалық қуаты мен жаһандық ықпалын айқындайтын жаңа фактор. Бұған ендігі ешкімнің күмәні жоқ та шығар. Мәскеу үш күнге жасанды интеллект саласындағы халықаралық пікірталас алаңына айналды. AI Journey конференциясы 2016 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Биылғы басқосуға әлемнің 20 елінен 3600-ден астам қатысушы мен 300-ден астам сарапшы жиналды. Биылғы конференцияның күн тәртібі үш үлкен тақырыпқа құрылған: қоғам, бизнес және ғылым. Өйткені жасанды интеллект бүгінде осы үш саланың да жұмыс істеу тәсілін өзгертіп жатыр. Оның адам өміріне әсері, экономикаға әкелетін мүмкіндіктері мен ғылымдағы әлеуеті – талқылаудың өзегі осы.

Ростислав Коняшкин, ҚР ЖИЦДМ бірінші вице-министрі:

– Біздің ойымызша, бұл алаң екі ел арасындағы тәжірибе алмасу тұрғысынан өте маңызды. Бөлісетін тәжірибеміз аз емес. Цифрландыру бағытында 20 жылдан астам уақыт бойы қалыптасқан тәжірибеміз бар. Ресейлік әріптестерімізге Қазақстанда енгізіліп жатқан жаңа технологиялар мен шешімдер әрдайым қызығушылық тудырады. Қазақстан мен Ресей бұл бағыттағы ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі. Жаһандық жиын қарсаңында Мемлекет басшысы Владимир Путинмен кездесіп, цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту мәселелерін талқылаған. Жасанды интеллект жылы аясында көп шаруа атқарылды деген Президент жақсы нәтижемен де бөлісті. Мәселен, БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту рейтингінде Қазақстан бір жылда 24-орыннан 16-орынға көтерілген. Қазақстандағы алғашқы AI Country Report деректеріне сүйенсек, соңғы екі жылда жасанды интеллект саласындағы жобаларға тартылған венчурлық инвестиция көлемі бес еседен астам өскен. Атап айтқанда, 14 миллион доллардан 73 миллион долларға дейін жеткен. Қазір елімізде жасанды интеллект бағытында жұмыс істейтін 100-ден астам стартап бар. Соның бірі – Айту отандық мессенджері.

Владимир Фидлер, AITU ұлттық банк мессенджері:

– Ең басты ерекшелігі – біз оны Қазақстанның ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып әзірлеп жатырмыз. Яғни еліміздің мәдениеті мен дәстүріне, қазақ тілінің дамуына басымдық береміз. Мессенджер өзіміз әзірлеген дербес модельдерге негізделген. Қазақ және орыс тілдеріне арналған аударма жүйесін де жасадық. Бұл – тілдік кедергілерді жойып, адамдарға өздері сөйлейтін кез келген тілде еркін қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді.

Биылғы жиында талқыланатын тақырыптың бірі – AI агенттер болмақ. Жүйе адамның ақыл-ойын толық алмастыра алмаса да, кейбір шаруаларды осы агенттерге арқалап қоюға әбден болады.

Бинұр Жаленов, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары:

– Бұл дегеніміз – адам белгілі бір қаржылық операцияларды жасанды интеллект агентіне тапсыра алады. Мысалы, коммуналдық қызметтерді тұрақты түрде төлеуді немесе Алматыға ең арзан әуе билетін тауып, сатып алуды тапсыруына болады.

Сонымен жасанды интеллект – әлем экономикасының құрылымын өзгертетін алып күшке айналды. Ендігі бір зор міндет – жаһандық жарыста шаң қауып қалмау. Қазақстан бұл ретте тек технологияны тұтынушы ел болып қалғысы келмейді. Жиынға Президент бастап келген ауқымды делегацияның айтары да осы болатын.