«Ал Сыртқы істер министрлігі шетелдік компанияларды тартуды жалғастыра береді», – деді Премьер-министр Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысында. Онда «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыру, халықаралық бизнестің инфрақұрылымдық жобаларға қатысуы, кәсіпкерлік қызметке жағдай жасау сөз болды.
Олжас Бектеновтің айтуынша, Мемлекет басшысының салаға жүктеген стратегиялық міндеттеріне сай, еліміз озық инженерлік шешімдер, заманауи құрылыс стандарттары мен құрылыс материалдарына мүдделі. Тағы жиында инвестициялық саясат, энергетика, мұнай-газ бен еңбек заңнамасы, цифрландыру, денсаулық сақтау мен фармацевтика бойынша бірқатар жұмыс тобының есебі тыңдалды.
Жанна Байдашева, «Қазақстанның Шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының директоры:
– Халыққа құлақ асатын мемлекет, ашық диалог пен өзара ой алмасу – мұның бәрі инвесторлар үшін маңызды. Жан-жақты ашықтық тек жергілікті емес, Қазақстанмен жұмыс істеуді жоспарлап жүрген инвесторлар үшін де бағалы. Осы арқылы шетелдік инвесторлар ел Үкіметімен бірігіп, ауқымды жобаларды кедергісіз жүзеге асыра алады.