Көгілдір, жасыл, күлгін және қызғылт сары. Орталық сайлау комиссиясы жариялаған дауыс беру парағының үлгісі осындай. Алдағы жексенбіде өтетін мәслихат депутаттарын сайлауда осындай түрлі түсті дауыс беру парағы қолданылады. Мұндағы әр түс мәслихаттардың деңгейі және депутаттарды сайлау тәсіліне байланысты ерекшеленген. Бұл бюллетеньдерді оңай ажыратуға мүмкіндік береді.
Көгілдір бюллетень Астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың мәслихат депутаттарын партиялық тізімдер бойынша сайлау үшін қолданылады. Жасылы бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша дауыс беруге арналған. Күлгін бюллетень – облыстық маңызы бар қала мәслихаттарын сайлау үшін. Ал қызғылт сарысымен аудандық мәслихат депутаттарын таңдаймыз. Бюллетеньдер А5 форматында. Дауыс беруге қажет мәліметтер ретімен жазылған. Сайлаушы таңдаған бөлігіне белгі қойып, парақты дауыс беру жәшігіне салады.
Сонымен осы жексенбіде елде саяси науқан өтеді. Барлық деңгейдегі 228 мәслихатқа 3 447 депутат сайланады. Президент бұл сайлауды мемлекеттік басқару жүйесіндегі ауқымды өзгерістердің қорытынды кезеңі деп атады.
Расымен, мәслихаттың міндеті тек жергілікті мәселелерді талқылаумен шектелмейді. Өңірдің бюджеті, әлеуметтік дамуы, әкімдіктің жұмысына бақылау. Бәрі осы өкілді органның құзыретінде. Демек мәслихаттың мықты болуы – жергілікті биліктің халық алдындағы жауапкершілігінің артуы деген сөз.
Алайда маңыздысы – депутаттық мандаттардың жаңаруы ғана емес, жаңа депутаттардың ел сенімін ақтап, нақты іспен айналысуы. Ендеше алдағы сайлау жергілікті басқаруға қандай серпін береді? Мәслихаттың мәртебесі мен ықпалын арттыру үшін не өзгеруі керек?
Мәслихаттың әлеуеті күшейтіледі
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
– Депутаттық корпустың жаңаруы жергілікті органның қызметін күшейтуге жол ашады. Ал ел азаматтарының осы саяси науқанға қатысуы оның сапалы қалыптасуына зор әсер етеді. Өйткені халық сенімін арқалаған депутаттар жергілікті бюджетті бекітіп қана қоймай, өңірдің даму жоспарына сәйкес атқарылған жұмыстардың уақытылы әрі талаптарға сай болуын қадағалайды.
Мәслихаттар – өңірлік саясаттың негізгі тірегі. Өйткені өркениет игіліктеріне қол жеткізу, жайлы өмір сүруге жағдай жасау тікелей осы институттың қабылдайтын шешімдеріне тәуелді. Ауылдың көркеюі мен қаланың дамуы да халық өкілдерінің табандылығына байланысты. Мектеп пен балабақшаның құрылысы, жол мен инфрақұрылымның жағдайы, коммуналдық қызмет пен ауланы абаттандыру сияқты мәселелердің бәрі тікелей осы деңгейде шешіледі.
Еліміздегі мәслихаттар кеңесші орган деңгейінен жергілікті өзін-өзі басқару институтына айналды. Бұрындары сайлау науқаны тек бір ғана жүйемен жүргізілсе, бүгінде аймақтардың ерекшелігі ескеріліп, аралас және мажоритарлық жүйелер қатар қолданылып жатыр. Бұл жергілікті билік жұмысының ашықтығын қамтамасыз етіп, халықтың сенімін нығайтады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерде осы жүйенің сақталатынын айтқан. Оның артықшылығы – сайлаушы саяси партияға емес, нақты бір кандидатты таңдап, дауыс береді.
Айсана Сман, заң ғылымдарының докторы, профессор:
– Ендігі келе жатқан жыл үлкен ерекше жыл болып отыр. «Халықтық құрылыс» деп аталып жатыр. Соған байланысты депутаттар өзінің үлесін қоссын деген үмітпен сайлау өтіп жатыр.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Қазақстанда әртүрлі деңгейдегі 228 мәслихат бар. Алдағы сайлауда 3 447 депутаттық мандат үшін 9 мыңнан астам кандидат бақ сынайды.
Қайрат Анарбаев, тарих ғылымдарының кандидаты:
– Содан кейін сайланған депутаттан сол жұмыстардың орындалуын үнемі қадағалап, бақылап, сұраныс тудырып отыратын болса, мәслихат депутаттары да жұмыс істейді.
Мәслихатта қабылданған шешімдер Шымкент тұрғындарының өміріне өң бере бастады. Реновация бағдарламасы арқылы тозығы жеткен, тұрғын үйі апатты деп танылған 604 отбасын жайлы баспанамен қамтамасыз ету жоспарланды. Қазірдің өзінде оның жартысына жуығы жаңа пәтерге көшірілді. Тізімге іліккен өзге тұрғындар да өз кезегін асыға күтіп жүр.
Мұхтар Бейтөреев, Шымкент қаласының тұрғыны:
– Бізде реновациямен үй беріп жатыр. Жартысы кетіп қалды. Көшенің бәрі кетті. Біздің үй қалды. Бағдарлама өте жақсы.
Енді бас жоспарға сәйкес тозығы жеткен үйлер сүріліп, «Көксай» шағынауданының келбеті түбегейлі өзгереді. Қаланың құрметті азаматы Бауыржан Әлтеевтің айтуынша, бұл ретте халықтың белсенділігі аса маңызды.
Бауыржан Әлтеев, Шымкент қаласының құрметті азаматы:
– Әр деңгейде қалалық депутаттардың, аудандық депутаттардың саны белгіленген. Енді осы 10 мыңға жуық үміткердің ішінен адал азаматтар керек.
Сондықтан сайлау науқаны кезінде азаматтар кандидаттардың бағдарламаларымен танысып, олардың ұсыныстарын салыстыруы және саналы шешім қабылдауы маңызды. Ал сайлауға қатысу – әр адамның өз таңдауын білдіруіне берілген үлкен мүмкіндік.