Түркі әлемінің болашағы тек тарихи және мәдени жақындыққа емес, нақты экономикалық жобаларға, технологиялық ынтымақтастыққа сүйенуі тиіс. Астанада өткен «Түркі әлемі диалогтары» атты панельдік жиында ғалымдар мен дипломаттар түркі интеграциясының мүмкіндіктері мен сын-қатерлерін талқылады. Жиын алдағы қазан айында Анкара қаласында өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының 13-ші ресми саммиті қарсаңында ұйымдастырылды. Сарапшылардың пікірінше, халықаралық жүйедегі өзгерістер Түркі мемлекеттеріне жаңа мүмкіндік ұсынып отыр. «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжаты елдердің ортақ болашағын қалыптастыратын ұзақмерзімді бағыттарды айқындайды. Бүгінде Түркі әлеміндегі институттар мен платформалардың жалпы саны 120-дан асқан.
Жанат Момынқұлов, саясаттанушы:
- «Түркі мемлекеттері ұйымы символдық, мәдени платформадан нақты прагматикалық, экономикалық алаңға айналу қажет», - деп айттық. Түркі факторына қазір әлемдік күштер тарапынан қызығушылық бар, зерттеп жатыр. Түркиядан келген кейбір мамандар «35 жыл ішінде үлкен институттарды құрдық», - деп бастамалар іске асып келе жатқанын айтты. Біздің мақсатымыз – Түркі әлемінің балансын сақтап, сенім деңгейін арттыру болып отыр.
Хасан Али Карасар, Каппадокия университетінің ректоры, ғылым докторы :
- Түркі мемлекеттері ұйымын тек пікір алмасатын алаң ретінде қалдырмай, нақты ортақ жобалар әзірлейтін, қабылданған шешімдері жүзеге асырылатын және нәтижесі қоғамға сезілетін қуатты ынтымақтастық тетігіне айналдырамыз.