Шымкентте Білім беру ұйымдарындағы интернет сапасын бақылауға арналған ақпараттық жүйе енгізілді. Интеллектуалды жоба жасанды интеллектпен жетілдірлді. Нәтижесінде 161 мемлекеттік мектепте интернет жылдамдығының тұрақтылығы қамтамасыз етіліп, цифрлық ресурстар мен онлайн платформаларды кедергісіз пайдалануға жол ашылды. Бұл бастама Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмалары аясында жүзеге асып отыр.
Ақылды жүйе арқылы ғаламтор сапасын бақылау автоматтандырылды. Бұған дейін мектептердегі интернет жылдамдығын тексеруге айлап уақыт кетсе, қазір оның тұрақтылығы онлайн режимде қадағаланады. Жасанды интеллект желідегі ақаулар мен кемшіліктерді жедел анықтап, жоюға мүмкіндік береді.
Мұхит Кемелов, қалалық цифрландыру басқармасының басшысы:
- Түпкі нәтижеміз сол мектептердің барлығында соңғы компьютерге дейін интерактивті тақтаға дейінгі дұрыс интернетті жеткізе алдық. Күнделікті мониторинг жасалады. Электр сөнуі мүмкін немесе оптикалық линияларда ақау болып үзіліп қалуы мүмкін. Соған байланысты олқылықтар болады. Оларды 24 сағатта ретке келтіреді.
Сапалы интернет Білім беру саласын жетілдірді. Қазір мектептерде пәндерді тереңдетіп оқытып, тақырыптардың мәнін түсіндіруге онлайн платформалар қолданылады. Оқушылардың ынтасын арттыру үшін қызықты ақпараттық-танымдық материалдарға мән берілді.
Ақгүл Дүйсенова, №130 жалпы орта мектебінің пән мұғалімі:
- Біз сабақты қызықты өту үшін оқушыларға осы жасанды интеллект арқылы күнделікті қызықты материалдар, жұмыс парақтарын дайындап келеміз. Сабақтың мазмұнын дұрыс түсіну кезінде оқушыларға көрсету арқылы қызықты өтіп жатырмыз.
Жаңа оқу жылынан бастап цифрлық жобалардың мүмкіндігі кеңейді. Оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету мен қауіпсіздігін арттыру үшін де ақылды технологиялар енгізілді. Енді бейнекамералар бөгде адамдарды берден таниды.
Орынгүл Тастанова, №130 жалпы орта мектебі директорының орынбасары:
- Қауіпсіздігін бақылау мақсатында өте тиімді тұстары көп, мектепке тыйым салынған заттарды визуалды түрде анықтай алады. Бет-әлпетті тану турникеті арқылы өтеді оқушыларымыз бен мұғалімдеріміз бөгде адамның кіруіне тыйым салынады. Жасанды интеллектпен цифрландырудың негізінде қағазбастылықтан арылып, тиімді жұмыс жүргізіп келеміз.
Мектептердегі интернет сапасын бақылау арқылы бюджет қаражаты 20% дейін үнемделді. Сала мамандарының айтуынша, сапасыз қызмет көрсеткен байланыс операторларына төлем бірнеше рет тоқтатылды. Алда жоба аясында өрт-дабыл жүйелерін біріңғай порталға қосу жоспарланып отыр.
Авторы:Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов