Шымкентте кадр тапшылығын шешу үшін талапкерлерге қосымша білім гранты бөлінді. Енді педагогика, құрылыс, инженерлік және ақпараттық технологиялар салалары бойынша 175 студент жергілікті бюджет есебінен білім алады. Бұл өңірге қажетті мамандықтардың әлеуетін арттырып, жастардың сапалы білім алуына мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай: «Қажетсіз мамандық болмайды, біліксіз маман болады».
Білім грантының иегері Аружан Шералы «Жасанды интеллект және деректер ғылымы» мамандығын таңдады. Қазір ол цифрлық технологиялар саласында білім алып жатыр. Мемлекеттік қолдаудың арқасында үлкен мүмкіндікке ие болған студент алдағы жауапкершілікті де жақсы түсінеді.
Аружан Шералы, студент:
-Грантқа түсемін деп күтпедім. Маған хабарласып, грант ұтып алғанымды айқанда қатты қуандым. Жасанды интеллект қазіргі уақытта қарқынды дамып жатыр. Сол себепті осы мамандықты таңдадым. Өзіме ұнайды. Бұл салаға сұраныс та жоғары, болашақта жұмыс таба аламын деп ойлаймын.
Еңбек нарығында ақпараттық технологиялар, киберқауіпсіздік және робототехника салаларына сұраныс артып келеді. Жас мамандар үшін жаңартылған Білім беру бағдарламалары әзірленіп, жетекші компанияларда тәжірибеден өтуге жағдай жасалып отыр. Кадр тапшылығын жедел шешу үшін бірқатар университетте үш жылдық оқу бағдарламасы енгізілді.
Жанар Рысбекова, университет ректоры
- Францияның сертификатымен ашылған арнайы мектеп бар, сол жерде студенттер қосымша тәжірибеден өтеді. Код жазуды және жасанды интеллектіні пайдалануды үйреніп, түрлі өнім әзірлейді. Осы оқу бағдарламасында білім алып жүрген жастарға сұраныс өте жоғары болып отыр .
Гранттардың келесі бөлігі педагогтерді, ветеринарларды, сәулетшілер мен инженерлерді даярлауға бөлінді. Сондай-ақ жергілікті биліктің тапсырысы бойынша өндіріс пен қызмет көрсету салаларына қажетті мамандарды даярлауға қаржы қарастырылып, 175 талапкермен үшжақты келісімшарт жасалды.
Айгүл Рүстемова, қалалық білім басқармасының бөлім басшысы
- Оқу орны, әкімдік және білім алушы арасында арнайы үшжақты келісімшарт жасалады. Келісімшарттың екі негізгі талабы бар: біріншісі – үш жыл еңбек ету, екіншісі – әкімдік грантынан бас тартқан немесе келісім талаптарын орындамаған студент оқуына жұмсалған бюджет қаражатын өтеуі тиіс.
Жергілікті бюджет есебінен бұл мамандықтарда білім алып жүрген студенттерге шәкіртақы да тағайындалды. Мамандардың айтуынша, басты мақсат – қала экономикасының әлеуетін арттырып, еңбек нарығындағы кадр тапшылығын азайту болып отыр.
Авторы:Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов