Инклюзивті білім беру саласында білікті мамандар жетіспейді. Астана, Шымкент қалалары мен Түркістан, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында әлеуметтік педагогтарға сұраныс жоғары болып отыр. Ерекше білім беруді қажет ететін балалар саны артқан сайын, арнайы мамандарға деген қажеттілік те көбейіп отыр. Бірнеше жоғары оқу орны тиісті кадрларды даярлайды. Биыл «Арнайы педагогика» бағыты бойынша 2 000 грант бөлінді.
Өскемендегі «Үлбі» әлеуметтік орталығында 20 арнайы педагог 150-ден астам баламен жұмыс істейді. Мамандардың жүктемесі жоғары, олар 28 топқа қызмет көрсетеді. Ал демалыс кезінде алмастыратын кадр тапшы, сондықтан балалардың оқу және сауықтыру бағдарламаларын үзбеу үшін білікті мамандар қажет.
Әнел Киноятова, әлеуметтік орталықтың аға оқытушысы
- Қазір бізге мамандар жетіспейді. Атап айтқанда, тәрбиешілер мен әлеуметтік қызметкерлер қажет. Университеттерде әлеуметтік қызметкерлерді даярлау ісі қайта қолға алынса екен.
Шығыс Қазақстан университетінде бүгінде еңбек нарығында сұранысқа ие логопед, сурдопедагог және арнайы педагогтерді даярлауға басымдық берілді. Білім беру бағдарламалары қайта қаралып, әмбебап мамандар даярлау мақсатында оқу үдерісіне медициналық жоғары оқу орындары да тартылып отыр.
Светлана Стельмах, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті психология және коррекциялық педагогика кафедрасының профессоры:
- Былтыр алғаш рет эргопедагогтер мен эрготерапевтерді даярлау үшін студенттер қабылданды. Бұл – Қазақстанда бұрын-соңды болмаған бірегей Білім беру бағдарламасы, ол медицина мен арнайы педагогиканы ұштастырады.
Мәдина Ауренова өңірде тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған алғашқы оңалту орталығын ашқан. Ерекше баланың анасы әрі білікті педагог оң нәтижеге қол жеткізу үшін балалармен күніне 12 сағатқа дейін жүйелі түрде жұмыс істеу қажет екенін айтады. Қазір орталыққа әлеуметтік қызметкерлер қажет. Оның үстіне, дипломы бар білікті мамандарға сұраныс артып келеді.
Мәдина Ауренова, балаларды оңалту және бейімдеу орталығының басшысы
- Әлеуметтік қызметкерлердің жұмыс ауқымы артып келеді. Бүгінде олардың міндетті түрде әлеуметтік қызметкер мамандығы бойынша дипломы болуы керек. Бұған дейін талаптар сәл өзгеше болған кезде, педагогикалық білімі бар мамандарды да жұмысқа қабылдай беретін едік.
Бұл талаптар коммерциялық оңалту мекемелерін жан басына шаққандағы қаржыландыру үшін де міндетті, қазір еліміздегі 17 жоғары оқу орнында 5 мыңнан астам арнайы педагог даярланып жатыр. Оның 2 мыңнан астамы Білім беру грантымен қамтылды.
Осылайша, инклюзивті Білім беру саласындағы маман тапшылығы кезең-кезеңімен азайып келеді. Президенттің тапсырмасымен алғаш рет «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасы әзірленді. Оның негізгі мақсаты – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың үйде оқитын үлесін азайтып, оларды қоғамға толыққанды кіріктіру болып отыр.
Авторы:Қарлығаш Қасиетова, Вячеслав Ветлугин, Роман Родионов