Қызылорда облысында мектептерге ЖИ енгізілді

  • 6
  • 01.09.2026, 19:36

Қызылордада мектептерге заманауи ақылды жүйе енгізіліп жатыр. Инновациялық жоба сабақ сапасын арттырып, мұғалімдердің қағазбастылығын азайтуға бағытталған. Сонымен қатар мектеп ішіндегі қауіпсіздік интеллектуалды бейнебақылау арқылы күшейтілді. 

Қызылордадағы №2 Абай атындағы мектепте 4 000-нан астам оқушы білім алады. Оның 400-ден астамы биыл 1- сыныпқа қабылданған. Білім ошағында жасанды интеллект негізіндегі жүйе енгізіліп жатыр. Жаңа технология мұғалімдердің әдістемелік материалдар әзірлеуін жеңілдетеді. Сонымен қатар оқушыларға арналған жасанды зерде үйірмесі ашылмақ. Бұл бағытта педагогтер арнайы біліктілікті арттыру курстарынан өткен.

Айжан Әлімова, мектеп директоры:

- Жасанды интеллектті жай ғана енгізіп қоймай, мұғалімнің жұмысын жеңілдетуге және әр оқушының мүмкіндігі мен қабілетін ашуға пайдаланамыз. Осы мақсатта балалардың жан-жақты дамуына ықпал ететін дрон, Lego және STEM бағытындағы үйірмелердің жұмысын жандандырамыз.

Интеллектуалды платформа №264 мектеп-лицейде де сынақтан өтіп жатыр. Мұнда 28 бейнебақылау камерасы ақылды алгоритмдер негізінде жұмыс істейді. Мектепте қақтығыс немесе тәртіп бұзу жағдайы тіркелсе, бейнежазба дереу директор мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлардың смартфонына жіберіледі. Бұдан бөлек, жасанды интеллект кибершабуылдардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Нейля Дүйсебекова, мектеп-лицей директорының орынбасары:

- Пилоттық жоба нәтижесінде бір ай ішінде 4998 киберқауіпсіздік оқиғасы анықталып, залалсыздандырылды. Мектептегі 28 бейнекамера жедел басқару орталығына қосылып, қауіпсіздікке қатысты барлық жағдай тәулік бойы бақылауға алынды. Ең бастысы, пилоттық жоба барысында бірде-бір серверге вирус жұқтыру фактісі тіркелген жоқ.

Жалпы өңір мектептеріне бірыңғай цифрлық экожүйе енгізіліп жатыр. Оның ішінде бейнеаналитика, буллингтің алдын алу, оқушының сабақтағы белсенділігін талдау, педагогке арналған цифрлық көмекші, тестілерді автоматты түрде әзірлеу және тыйым салынған контентті бұғаттау мүмкіндіктері бар.

Сәбит Ибадулла, цифрлық технологиялар басқармасының басшысы:

- Қызылорда облысындағы 144 мектепке жасанды интеллект көмегімен жұмыс істейтін арнайы жүйе орнатылды. Бұл педагогтерге үлкен көмек бола алады. Бұған дейін көп уақыт алатын бюрократиялық және қағазбасты жұмыстарды азайтып, жасанды зердені мұғалімге көмекші ретінде пайдалануға мүмкіндік береді.

Өңірде 20 мың педагог жасанды интеллект бойынша курстан өтті. Алдағы уақытта аймақта интеллектуалды технологиялар бойынша мамандар даярлайтын арнайы орталықтар мен мектептер ашу жоспарланып отыр.

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин