Алматыда 32 мыңнан аса бүлдіршін мектеп табылдырығынан аттады. Жаңа оқу жылы қарсаңында шаһарда 8 білім ордасы ашылды. Бұл нысандардың көп бөлігі Түрксіб және Алатау аудандарында салынған. Сонымен қатар мегаполиске іргелес орналасқан ауылдарда да жаңа мектептер бой көтерді.
Алматыда ашылған 8 білім ошағының жетеуі «Келешек мектептері» жобасы аясында салыныпты. Соның бірі Алатау ауданында орналасқан. Мұнда оқимын деген балаға барлық жағдай жасалған. Биыл қалада жаңа мектептерді салуға, жаңғыртуға және күрделі жөндеу үшін жергілікті бюджеттен 54 миллиард теңге бөлінген.
Света Әбілғазиева, ата-ана:
- Қазақстанда жер-жердің бәрінде керемет мектептер ашылып жатыр. Сол мектептер балаларымыздың болашағы үшін. Бұл мектепте барлығы қарастырылған екен. Барлық жағдай жасалған. Әр кабинеттің өзі жабдықталған. Немелеріміздің өзі жеке-жеке отырады.
Алматыға іргелес жатқан Бұлақты ауылының балалары да жаңа мектепке барды. Ескісі осыдан 30 жыл бұрын салынған екен. Оның өзінде тек бастауыштың балалары білім алған. Үлкендері көрші ауылға қатынап жүріпті. Зәулім мектептің ашылғанына ата-аналар риза.
Айнұр Оспан, ата-ана:
- Балаға білім алуға барлық жағдай жасалған. Бейнебақылау жүйесі орнатылған. FACE ID бар, сол үшін керемет мектеп деп ойлаймын. Қаладағы басқа да мектептерден ешқандай кемдігі жоқ. Асып түседі деп ойлаймын.
Ғимарат 900 оқушыға есептелген. Бұл Қарасай ауданындағы сегізінші «Келешек мектебі». Осылайша, Алматымен шекаралас, әрі 350 мыңнан аса тұрғыны бар аудандағы үш ауысымдық оқу мәселесі толық шешілді.
Әсел Еркінбаева, Қарасай аудандық білім бөлімінің басшысы:
- Бұл мектеп барлық заманауи кабинеттермен, керекті құрал-жабдықтармен жабдықталған. STEM кабинеті, робототехника, керемет би залы бар, спортзалы бар, заманауи акт залы бар. Сонымен қатар технология, еңбек пәндеріне арналған лабораториялық, сараптама кабинеттері бар.
Елде қала мен ауыл мектебіндегі білім сапасының алшақтығын азайтуға Соңғы жылдары ауыл ерекше көңіл бөлініп отыр. Нәтиже жаман емес. мектебінен шыққан республикалық олимпиада жүлдегерінің саны 10 есе артқан. Заманауи білім ошақтарының бұл алшақтықты тағы да қысқарта түсері анық.
Ернұр Рысбай, Эдуард Кон