Жаңа оқу жылы: қандай өзгеріс бар?

  • 9
  • 01.09.2026, 19:45

Павлодар және Қызылорда облыстарындағы 10 шағын жинақты мектепте жасанды интеллект технологияларын қолдануға арналған пилоттық жоба іске қосылды. Жаңа оқу жылынан бастап республикадағы бастауыш сынып оқушылары цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект негіздерін меңгереді. Ал жоғары сыныптарда информатика және жасанды интеллект сабағы өтеді. Сонымен қатар педагогтерді аттестаттаудың жаңа тәртібі де пилоттық режимде енгізілді. 

Әзия алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Бүлдіршінді 1- сыныпқа әжесі алып келді. 15 немеренің кенжесі енді екі жыл бұрын салынған «Келешек мектебінде» білім алады.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының бастамасымен 2023-2025 жылдары 217 мектеп салынды. Оның 105-і 2024 жылы, 112-сі 2025 жылы пайдалануға берілді. Осылайша 52 үш ауысымды және 12 апатты мектеп мәселесі толық шешілді.

Қарлығаш Сағатова, Астана қаласының тұрғыны:

- Білім күні басталып, қызымды өзім жетектеп алып келдім. Баршаңызды жаңа оқу жылымен құттықтаймын! Балалардың білімі арта берсін! Сіздердің арқаларыңызда барлық бала ілім алып, абыройлы азамат болып өсіп келеді. Биыл 1-сыныпқа келген балаларыңыз да сіздерге үлкен қуаныш сыйласын!

Жаңа оқу жылында оқу бағдарламалары да жаңарды. 5-7- сыныптарға «Конституция негіздері», ал 8-11-сыныптарға «Заң мен тәртіп» курстары енгізілді. Экологиялық тәрбиеге де басымдық беріледі.

Оқушыларды цифрлық ортаға дайындауға да ерекше мән беріліп отыр. Бастауыш сынып оқушылары жасанды интеллектке сауатты сұрақ қойып, мәтін жазуды үйренеді. Ал жоғары сынып оқушылары күрделі жобалар жасап, оларды талдай алады. Яғни информатика пәнінің мазмұны кеңейеді.

Жұлдыз Сүлейменова, Қр Оқу-ағарту министрі:

- Жасанды интеллек мұғалімнің аптасына 12 сағатқа дейінгі уақытын үнемдейді екен. Сол үнемделген уақытты ұстаздарымыз балаға білім беруге, онымен жеке жұмыс істеуге арнайды. Ең негізгісі – кітап оқитын зерделі ұлт қалыптастыру. Биыл бастауыш сыныптарда минутына жылдам оқу, оқығанын түсіну және түйсіну әдістемесін қайта енгізіп жатырмыз. Жалпы бастауыш білім беру бағдарламалары қайта қаралды. 1- сыныптағы математика пәнін едәуір жеңілдеттік. Баланың жас ерекшелігіне сәйкес келмейтін көбейту сияқты күрделі амалдарды басқа сыныптарға ауыстырдық. 1-сыныпта бала сан мен өлшемді білуі, қосу және азайту амалдарын толық меңгеруі керек.

Мектептерде балалардың қауіпсіздігіне де баса мән берілмек. 1 қыркүйектен бастап әлеуметтік-эмоционалдық оқытуға және оқушылардың өмірлік қиындықтарға төзімділігін дамытуға бағытталған «Жеке қауіпсіздік» курсы енгізіледі.

Биыл еліміздің барлық өңірінде Балалардың құқықтарын қорғау басқармалары құрылды. Негізгі міндеті – балалардың құқықтарын қорғау жұмысын үйлестіру және зорлық-зомбылықтың алдын алу.

Авторы: Құралай Жұмахан, Азамат Сәметов