Ақтөбеде білікті дәрігерлер бас қосты. Заманауи хирургияның өзекті мәселелері халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда талқыланды. Іс-шараға отандық мамандарымен қатар Белорусь, Түркия, Оңтүстік Корея, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінен жетекші хирургтар қатысып, заманауи емдеу тәсілдері мен саланы дамыту мәселелерін көтерді.
Еліміздің батыс өңірінің медициналық орталығы саналатын Ақтөбеде хирургия, трансплантология, онкология, қан тамырлары және кардиохирургия салаларының мамандары бас қосты. Ғылыми-тәжірибелік конференцияның пленарлық отырысында кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, медицина саласындағы соңғы жетістіктер мен ғылыми әзірлемелерді таныстырды.
Талғат Әбілов, М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ректоры:
- Медицина бір орында тұрмайды. Қазір технологияның дамыған заманы, медицина да өте қарқынды дамып жатыр. Сондықтан әрқашан біздің үйренетініміз де, үйретеріміз де болады. Осындай тәжірибе алмасу өте пайдалы, біздің жас мамандарымыз осы пікір алмасуға қатысу арқылы өз тәжірибесін толықтырады.
Ақтөбе облысындағы медициналық мекемелердің хирургия бөлімдері жылына шамамен 50 мың науқас қабылданып, 12 мыңнан астам ота жасайды. Сондықтан хирургиялық қызметті дамыту, емдом ісіне заманауи технологияларды енгізу, мамандардың біліктілігін арттыру күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің біріне айналды. Конференция барысында Түркияның «Башкент» университетімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Седат Йылдырым, Түркиядағы «Башкент» университетінің кафедра меңгерушісі:
- Қазақстанға келіп жүргеніме 6 жыл болды. Тәжірибе алмасатын жақсы алаң, себебі мұнда сапалы хирургиялық көмек көрсетуге арналған білікті мамандар мен соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтар бар. Меморандумға келер болсақ, ол білім мен екіжақты тәжірибе алмасуға мол мүмкіндік береді. Бұл қос тарап үшін де өте маңызды бас қосу болды.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысқан облыс басшысы Асхат Шахаров жиында хирургия саласының бүгіні мен болашағын саралап, денсаулық сақтау жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөлінгендігін атап өтті. Президент тапсырмасын іске асыру аясында салаға соңғы 3жылда 20 млрд тг бағытталды. Алқалы жиында медицина мен хирургия саласына елеулі үлес қосқандар марапатталды.
Авторы:Мансур Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов