Қазақстандық жас ғалымдар экологиялық жобаларды қолға алды

  • 7
  • 30.09.2026, 18:39

Жас ғалымдар елдің ғылыми-технологиялық дамуының негізгі қозғаушы күшіне айналып келеді. Медицина, биотехнология, жасанды интеллект, экология және IT саласында жетістікке қол жеткізген білікті мамандар саны артты. Қазір ғылым саласында 9 мыңнан аса жас маман еңбек етіп жүр. Солардың қатарында микробиолог Қуаныш Тастамбек пен құрылыс инженері Назерке Бердіқұл бар.

Қазақстан әлемде көмір өндіру көлемі бойынша 9-орында. Бірақ осы пайдалы қазбаның арасында сапасыз түрі де бар. Қазып алынған кен таудай  боп үйіліп жатады. Жел соқса, ұнтағы ұшып, экологияны бұзады. Қуаныш Тастамбек бастаған ғалымдар қазір сол қоңыр көмірді кәдеге жарату жағын зерттеп жатыр. Бағыты – экологиялық биотехнология. Сапасыз көмірден сығымдалған отын, яғни брекет пен тұзды жерді қалпына келтіруге арналған тыңайтқыш шығар

Қуаныш Тастамбек, әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ Ғылым және инновациялық қызмет департаментінің директоры:

- Көмірдің өзінен бактерияларды бөліп аламыз. Яғни өзінің қорек ортасы ретінде. Бөліп алғаннан кейін оның қаншалықты көмірмен байланысы барын толық зерттеу жұмыстарын жасаймыз. Қандай бактерия екенін идентификациясын жасаймыз. Сол бактериялардың негізінде брекеттер жасалады. 

Жұмыс брекет шығарумен шектелмейді. Оның қалпы, тығыздығы, көлемі, жылу калориясы есепке алынады. Ірісі отын ретінде, ұсағын тыңайтқыш ретінде пайдаланады. Бактериядан бөлек балдырмен жасалатын түрлері бар.

Қуаныш Тастамбек, әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ Ғылым және инновациялық қызмет департаментінің директоры:

- Екінші өніміміз дәл осы брекеттен бөлек тыңайтқыш ретінде. Яғни ол үлкен биомассадағы бактериялар арқылы көмірді солюбилизациялау арқылы сұйық тыңайтқыштар алынады. Ол біздің егістік алқаптардың барлығына құнарландыру, қайта қалыпқа келтіру жұмыстарымен айналысады.

Тағы бір жас зерттеуші Назерке Бердіқұл Сәтбаев университетінің зертханасында ғылыми жобасын жүзеге асырып жатыр. Жас ғалым бетон өндірісіне жаңашылдық енгізуді көздейді. Яғни оның жасалу технологиясын өзгерткісі келеді. 

Назерке Бердіқұл, Satbayev University ғылыми қызметкері, PhD докторы:

- Бұл ұсақ түйіршікті бетон, яғни оның құрамында құм бар, цемент бар міндетті түрде. Кәдімгі бетоннан айырмашылығы цементтің орнына күлді қолданамыз. Күлдің өзін ғана емес, ұсақтап «активировать» етіп күлді қолданамыз. 

Белсендірілген күл қосылған бетонды кәдімгі бетонмен салыстырғанда, қызмет ету ұзақтығы, беріктігі мен суыққа төзімділігі 1,5 есеге артық. Бұл зертханалық сынақ кезінде белгілі болған. 

Назерке Бердіқұл, Satbayev University ғылыми қызметкері, Phd докторы:

- Цемент өндірісі зиян өндіріс болып табылады. Ол жерде СО 2 ауаға бөлінеді. Сол бөліністі қысқарту мақсатында бізге зиянын келтірмес үшін сол цементті 20 пайызға күлмен ауыстыратын болсақ, соның өзі біздің экологиямызға өте пайдасын тигізеді.

Екі ғалым да өз жобалары арқылы қоршаған ортаны зиянды қалдықтардан қорғауды мақсат еткен. Қуаныш Тастамбек сығымдалған отын мен тыңайтқышты өндіріске енгізу жағын қарастырып жатыр. Ал Назерке Бердіқұл әзірлемесін әлі де жетілдіре түспек.

Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон