Бауыржан Момышұлына арналған музейді ең алғаш ауылдастары салғанын білесіз бе? Нысан сонау 1995 жылы батырдың туған жерінде бой көтерген. Қазір мұражайда батырдың көзі тірісінде пайдаланған жеке заттары мен құнды жәдігерлері сақтаулы. Тарихи-мәдени кешенге келушілердің де қарасы қалың.
Бауыржан Момышұлы музейі батырдың туған жері Көлбастау ауылынан 3 шақырым жерде орналасқан. Нысанның құрылысы 1995 жылы басталған. Оған қажетті қаржыны ауыл тұрғындары өздері жинаған. Кейін еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған қаржының арқасында мемориалдық кешен құрылысы толық аяқталды. Сол игі істің басы-қасында жүрген азаматтардың бірі – Аманжол қария.
Аманжол Дүрәліұлы, Б.Момышұлы ауылының тұрғыны:
- Әлем білген тұлғаны ел білуі керек. Ұрпақ білуі керек. Бір Қазақстан емес, алты алашқа әйгілі азамат. Сол елде бір белгі тұру керек. Сондай жағдайды ескере отырып, ел болып, жұрт болып, жалпы халық болып ақша құйылды ғой. Оны естіген бір нәрсе, көзбен көру бір нәрсе. Көзбен көріп ғибрат алу деген сөз оны қолымен ұстап көріп осы жерде, сондай ұлы адамның болғандығын оны естіп ұғып өссе. Бала құдай қаласа келешекте бір тұлға болып өседі.
Қазір кешен мемлекет меншігінде. Музей қорында Бауыржан Момышұлының көзі тірісінде қолданған 900-ге жуық жәдігер бар. Олардың қатарында оқыған кітаптары, киімі, ас ішкен ыдыстары мен баспа машинасы және компасы, хаттары сақталған. Батырдың мұрасы туған жерінде мектеп қабырғасынан бастап дәріптеледі.
Айдана Шораева, Б.Момышұлы музейінің қызметкері:
- Бауыржан атамыз анасының бейнесін әжесінің аузынан айтуы бойынша салған. Сосын өзінің киген киімдері болсын, жазылған ескі кітабы, жұмыс кабинетіндегі отырған креслосы, келіні Зейнеп апамыздың қолданған кір жуғыш машинасы деген барлығы тарихи заттар. Бұрынғы өзінің қолымен жазылған кітаптары да бар.
Арнұр Тоқтасын, оқушы:
- Ол кісі өте мінезді болған. Бізде енді түлек болғаннан кейін алдағы өмірімізде ешқандай нәрсеге сынбай, соңына дейін әрекет етіп, Бауыржан Момышұлы атамыз сияқты әр салала болсын соңына дейін әрекет етіп, осы өмірде өз орнымызда тапсақ екен дейміз.
Мұхит Беркімбаев, оқушы:
- Жуалыны генералдар өлкесі деп бекерден бекер атамайды. Себебі біздің Жуалы ауданымызда 9 генерал шыққан. Біз де аталарымызға еліктейміз. Олардың іс әркеттерін қайталағымыз келеді және олар сияқты мықты мінезді және болашақта Отанымызды солар сияқты қорғағымыз келеді.
Бауыржан Момышұлы — тек батыр ғана емес, ақын-жазушы, педагог, шежіреші және әскери академик. Батыр сарбаздарға рух беру үшін, жазушылар мен баспагерлерден соғыс даласына кітаптар мен өлеңдерді жіберуді сұраған. Бауыржан Момышұлы қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовпен де хат арқылы байланысып тұрған. Зерттеушілердің дерегінше, екі тұлға сегіз рет хат алмасқан.
Әлімбай Найзабаев, Бауыржантану ғылыми зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері:
- Абайдың бірінші кітабында оқып олар таңғалады. Мынау нағыз біздің қазақтағы бірінші кітап. Мұндай кітап әлі шыққан жоқ. Өте көркем, жақсы жазылған. Бірақ мұның ішінде мен бір нәрсемен келісе алмаймын. Сіз Абайды көтеремін деп Құнанбайды кемсіткенсіз. «Құнанбай – мемлекет жасауға ұмтылған адам. Сіз осы жерін саясатқа айналдырыпсыз», - деп жазған. Ал Әуезов айтады: «Мен сенің әділ сындарыңмен келісемін, бұлай тіке айтатын адамдар қазір бізде жоқ. Сондықтан да сенің әділ сындарыңды мен көңіліме алған жоқпын» деген сөздері бар. Мекемтас Мырзахметұлының айтуы бойынша ол хаттар жойылған жоқ. Бір жерде тұр. Сол хаттарды іздеп білгіміз келеді.
Бауыржантану орталығының қызметкерлері әскери жазушының әлі де жарық көрмеген деректерін іздестіруде. Мамандардың айтуынша, батырдың 1963 жылғы Куба сапарындағы дәрістері әлі күнге дейін құпия сақталып отыр. Батыр мұрасын зерттеушілер енді сол елге барып жаңа деректерді іздеуді жоспарлап отыр.
Мерей Бает, Бақытжаен Бапаев, Елдар Байділдә