Соңғы жеті жылда Қазақстанда жоғары білім беру жүйесіне мемлекеттік қолдау айтарлықтай күшейді. Осы кезеңде білім беру гранттарына 1,5 трлн теңге бағытталып, 655 мың 680 грант бөлінді. Сонымен қатар студенттердің шәкіртақысы 2,5 есеге өсті.
Студенттерді тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында да өзгеріс бар. 2019 жылдан бері Қазақстанда 267 студенттік жатақхана ашылып, 66 104 орын пайдалануға берілді. Осылайша жатақхана тапшылығы азайды. Бұл шаралар білім алудың қаржылық және әлеуметтік қолжетімділігін арттыруға бағытталып отыр.
Жанна Есінбаева, ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары:
- Білім беру бағдарламаларымыз да еңбек нарығындағы сұранысқа сәйкес өзгертіліп отыр. Білім беру бағдарламалары міндетті түрде жұмыс берушінің қатысуымен жасалатын болады. Оның ішінде жасанды интеллектке қатысты да біраз өзгеріс енгізіліп отыр. Сондай-ақ халықаралық қатынастар саласында да біраз жұмыстар атқарылды. Өздеріңіз білетіндей, 33 ЖОО филиалдары қызмет атқаруда.