Қазіргі заманның басты қуаты білім мен ғылымда, озық инновацияларда. Мемлекет басшысы Жолдауында осы мәселелерге ерекше тоқталды. Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ел экономикасын дамытуға бағытталған бірнеше ауқымды ғылыми жоба әзірледі. Олар – су ресурстарын басқару, ғылыми зерттеулерге жасанды интеллектіні енгізу, сейсмикалық қауіпсіздік, сирек кездесетін металдар мен пайдалы қазбаларды барлау мен өңдеудің жаңа технологиясы. Оған қоса, жаңа энергетикалық материалдарды жасау, яғни баламалы қуат көздерін дамыту назарда болады. Ауыл шаруашылығы селекциясы мен биотехнологиялық шешімдерге басымдық беріледі. Бұл туралы ТМД елдері ғалымдарының VI форумында айтылды. Іс-шара бірлескен зерттеулерді дамытуға, озық технологияларды енгізуге және ғылыми ынтымақтастыққа бағытталған.
Ақылбек Күрішбаев, ҚР Президенті жанындағы ұлттық ғылым академиясының президенті:
-Инфраструктураны салу деген бұл, әрине, ғылымға негізделуі, сапалы болып шығуы керек. Технология дамыған заманауи ретінде, соның негізінде салу керек. Осыған байланынсты Ғылым академиясы қазір 8 флагмандық жобаны қолға алды. Олар қазір мемлекеттің концепциясына, инновация даму концепциясына кірді. Біз соны бастауымыз керек. 8 флагмандық программаның бәрі сол инфраструктураға байланысты.