Алматыда әлемге әйгілі EdCrunch конференциясы өтіп жатыр
Жыл сайын әлемнің әр елінде өтеді. Биыл Алматыда ұйымдастырылған бұл іс-шара Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп жатыр. Шараны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Алматы қаласының әкімдігі, Назарбаев Зияткерлік мектептері ұйымдастырып отыр.
EdCrunch Glocal конференциясын Бақытжан Сағынтаев ашты. Ол қазіргі таңда бәсекеге қабілетті сапалы білімнің өте өзекті екенін айтты. Дискуссияға қатысқан қоғам қайраткерлері шетелдік спикерлермен білімді дамыту және заманауи мектеп құрылысын талқылады.
Исламбек Салжанов, «Алтын қыран» холдингі бақылаушылар кеңесінің жетекшісі:
- Біз қазір білім беру жүйесі дамыған әр елдің тәжірибелерімен танысып жатырмыз. Мәселен, Финляндияның білім беру жүйесі – әлемдегі ең мықты жүйе болып есептеледі. Сол сияқты сингапурлық білім беру жүйесі де – озық жүйе. Жекелеген компаниялардың ол жүйені елімізде дамытуға мүмкіндіктері бар. Бірақ әуелі мұғалімдерді дайындау керек.
Бүгінгі конференцияға Мәскеу, Тель-Авив, Сингапурдан арнайы спикерлер онлайн форматта қатысуда. Пандемияға байланысты жиын гибридті форматта болды. Айта кететін бір жайт, мемлекеттік білім беру ұйымының өкілдері тегін қатысуда.
Серік Толықбаев, AITAS kz холдингінің жетекшісі:
- Конференция өте ауқымды әрі өзекті. Осы салада жүрген бәріміз үшін маңызы зор дер едім. Біз қазір Назарбаев зияткерлік мектептерімен бірігіп, ауылдық 5 мектепте тәжірибе өткізіп жатырмыз. Сәтті болса, 165 ауыл мектебінің білім деңгейін Назарбаев зияткерлік мектептеріне теңестірсек деген ниет бар.
Биыл ұйымдастырушылар «Жаңа білім беру тәжірибесін жобалау» деген тақырыпты таңдаған. Шара барысында әр елден келген 400 спикер білім саласында жаңа технологияларды қолдану, дыбыстық көмекшілер мен жасанды интеллект, пандемия кезеңіндегі оқыту форматы, нейробиология, жағымсыз эмоцияларды қалай пайдалы қылу сынды мәселер бұндағы мұғалімдерге ғана емес, баршаға қызық екені сөзсіз.
Авторлары: Кәмшат Әбілқызы, Валентин Лобанов