Арқалық қаласындағы тозығы жеткен Ы. Алтынсарин гимназиясы қашан жөнделеді?
Өткен ғасырдың 70-ші жылдары салынған ғимарат білім беру талаптарына сай келмейді. Жиырма жыл бұрын қала басшылығы жаңа типтік мектепті ұстап тұру тиімсіз деген желеумен бұзып тастап, гимназияны осында көшіріпті. Содан бері жергілікті балалар жұпыны да жайсыз ескі ғимаратта білім алып жүр.
Едендері сықырлап, бөлмелері құр тақтаймен бөлінген сыныптар ескі және тар екені көрініп тұр. Қабырғалардың жұқалығынан көрші бөлмеден сөйлеген дауыстар анық естіледі. Тарс бекітіліп тасталған ағаш терезелер үнемі ашылмайды. Яғни желдетіліп, ауасы тазартылмайды. «Соған қарамастан қыста мектеп іші суып кетеді», – дейді оқушылар.
Нұрикамал Әбжан, оқушы:
- Мектеп формасының сыртынан күртеше киіп отырамыз. Қатты салқындау болғанда сырт киіммен отырған күніміз де болды.
Ал мектеп директорының айтуынша, жаңбыр жауғанда төбеден су ағады екен. Қабырғаның бәрі жанғыш материалдармен қапталған. Сондықтан төтенше жағдай қызметі жылда айыппұл салады. Инженерлік желінің бәрі шіріп тұр.
Ақтоты Қисықова, гимназия директоры:
- Мамыр айында бір батарея жарылып, бірінші қабатқа дейін жеткендіктен, оқу процесін тоқтатуға тура келген кездер болды.
Жалпы облыста 500-ге жуық мектеп бар болса, соның 66% шағын ғана. Арасында мерзімі тақаған, күрделі жөндеуді қажет ететіндері аз емес. «Оның бәрі 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен жүйелі түрде іске асады», – дейді Білім басқармасындағылар. Мысалы, биыл 19, келер жылы 22 білім беру мекемесі күрделі жөндеумен қамтылмақ.
Зәуре Байменова, Қостанай облыстық Білім басқармасының басшысы:
- 22 мекеме күрделі жөндеуді қажет етеді. Соның ішінде көбісі – мектеп. Мысалы, бір ғана Арқалық қаласын алатын болсақ, осы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеппен қатар «Ақбота» балабақшасы да бар. Одан кейін тағы бір жобалық-сметалық құжатты дайындау үшін бір мектепке қаражат бөлінді.
Облыстық Білім басқармасы басшының айтуынша, Арқалықтағы Ыбырай Алтынсарин гимназиясын күрделі жөндеуге 400 миллион тенгеден астам қаржы қажет. Биыл жоба жоғары жақта қолдау тапса, келер жылы жөндеуді бастаймыз деп отыр.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг