Елімізде білім беру сапасын теңестіру ісінде оң өзгеріс бар
Қала мен елді мекендегі білім беру сапасын теңестіру ісінде оң өзгеріс бар. Бұл туралы Ақтөбе қаласында өткен ұстаздардың тамыз конференциясында айтылды. Аталған аймақта ел бойынша тұңғыш рет енгізілген тың жоба тиімділігін көрсетті. Осылайша шағын жинақты мектептердегі білім сапасын көтеру көзделген.
Хромтау қаласындағы №1 орта мектептің директоры Айжан Әбдрахманова тамыз конференциясы аясында ұйымдастырылған көрмеде өз ұжымының тың жетістіктерін паш етті. Өзі басшылық ететін оқу орны алдағы қыркүйектен бастап Никелтау, Абай және Құдықсай ауылдарындағы шағын жинақты мектептердің білім сапасын арттыруға үлес қоспақ. Қазір бірқатар қордың көрсеткен қолдауы арқылы материалдық техникалық базаны нығайтып, ұстаздардың біліктілігін арттырған.
Айжан Әбдірахманова, №1 Хромтау орта мектебінің директоры:
- Біздің мектептің мұғалімдері шағын жинақты мектептің мұғалімдерімен онлайн сабақ жүргізеді. Айына бір рет сол мектепке барып, мұғалімдермен сабақтың ұтымды, ұтымсыз жерлерін талқылап әрі қарай жұмыстанады.
Бүгінде облыс бойынша 400 аса мектеп бар. Оның 282 ауылдық жерлерде орналасқан. Негізінен осы елді мекендердегі соның ішінде шағын жинақты білім ұяларының әлеуетін көтеруге басымдық беру басты назарда. Бұл мақсатта былтырдан бері өңірде облыс әкімінің бастамасымен «БІЛІМ АLL» жобасы сәтті іске асып келеді. Оның аясында Ақтөбедегі таңдаулы мектептердің үздік мұғалімдері ауыл балаларына онлайн дәріс беруі жолға қойылды.
Ералы Тоғжанов, облыс әкімі:
- Жоба басталғаннан бері балалардың білім сапасына ай сайын мониторинг жүргізді. Егер қала орталығындағы мектептер мен ауылдағы шағын мектептердің деңгейі 15% болатын болса, бүгінгі күні сол алшақтық 4,7% азайды.
Конференция барысында шағын жинақты білім ұяларының жағдайын жақсарту үшін мұғалімдерді тың әдіс пен технологияға үйрету қажеттігі сөз болды. Ал ауыл мектептерін дамыту – елді мекеннің өрісін кеңейтуге сеп болары хақ.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков