«Алтын Орда және оның мұрасы»: Түркістанда халықаралық конференция өтті
Отандық ғалымдар алғаш рет Еуропа елдерінің жабық мұрағаттары мен Ватиканның бай кітапханасында сақталған төл тарихымызға қатысты тың деректерді зерттеуге мүмкіндік алды. Бұл туралы Түркістанда өткен халықаралық конференцияда Ғылым және жоғары білім министрі мәлімдеді. Саясат Нұрбектің айтуынша, онда Шығыстану институтының мамандары орта ғасырлардан бастап, Қазақ хандығы дәуірлеп тұрған кезеңдерде Ұлы далаға табаны тиген шетелдік жиһангездер мен миссионерлердің құпия қолжазбаларымен таныса алады. Басқа да саяхатшылардың еңбектері жинақталып, елге жеткізілетін болады. Құнды дүниелер Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленіп жатқан Қазақстанның 7 томдық жаңа христоматиясына енгізіледі.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
-Осы 7 томдық жобаның аясында жаңа зерттеулер, бұрын білінбеген тарихи фактілер осындай конференциялар арқылы жинақталып, ұлттық тарихымызға жаңа көзқарас, жаңа түсінік берілуі тиіс. Екінші жағынан ұлттық тарихымызға біз бұрын білмеген, бейтаныс беттердің ашылу тарапынан да өте маңызды шара.