Астанада студенттердің жеке клиникасы болады
Астанада студенттердің жеке клиникасы болады. Мұндай мүмкіндікке әзірге Еуразия Ұлттық университетінің білім алушылары қол жеткізе алады. Оқу ордасына медицина мекемесін инвесторлар салып бермек. Одан бөлек кәсіпкерлер студенттер үйін де тұрғызады. Осылайша «жатақхана жетіспеушілігі шешіледі»,— дейді университет басшылығы.
Жатақхананың алғашқысы биыл жазда пайдалануға беріледі. Қазір 6 қабатты ғимарат дайын тұр. Мұнда студенттер үшін барлық жағдай жасалады. Бір емес екі бірдей коворкинг болады. Барлық жиһаздармен жабдықталады. Бөлмелер талапқа сай әр адамға 6 шаршы метрден есептеліп, бөлінеді. Әзірге мұнда 350 бала жайғасады.
Арман Халелов, құрылыс компаниясының өкілі:
-Біз бұл жатақхананы толығымен өз ақшамызға салдық. Шамамен 1,5 млрд теңге кетті. Енді мемлекет бізге жыл сайын әр балаға 195 айлық есептік көрсеткіштен 6 жыл бойы өтемақы төлеп отырады. Бұрын тек тұрғын үй құрылысымен айналысатын едік. Ақырындап осылай әлеуметтік салаға ойысып жатырмыз.
Осылайша университет инвесторлардың көмегімен алдағы жылдары бас-аяғы 4 мың орындық жатақхана салып, тапшылық мәселесінен толық арылуға ниетті. Себебі қазір білім ордасының 3 мыңнан астам студенті пәтер жалдап жүр. Ал ел бойынша 17 мыңнан астам білімгер жатақханаға сыймай қалған.
Ерлан Сыдықов, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры:
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей тапсырмасы берілген болатын. Яғни екі жылда 2025 жылға дейін 90 мың орын жатақхана салыну керек болатын. Міне осыған байланысты жаңа механизмдер ойлап табылды. Осылайша Еуразия Ұлттық университеті өзінің тарихында тұңғыш рет жатақхана дегенге сұранысты 100% қамтамасыз етеді.
Университет студенттері тек жатақханамен ғана емес, жеке клиникамен де қамтамасыз етіледі. Нысанның құрылысы 2025 жылы басталады. Медицина мекемесі оқу орнының 20 мыңнан астам білім алушысымен қатар маңайдағы халыққа да қызмет көрсетпек.
Борис Чен, инвестор:
-Клиникада тек емхана емес, кез келген операцияны жасай алатын стационарлық бөлімше жұмыс істейді. КТ, МРТ секілді аппараттардың бәрі орнатылады. Ал студенттер үшін мұның бәрі тегін болады.
Университет кәсіпкерлер үшін инвестициялық форум ұйымдастырып, олардың назарына ғылыми жобаларын да ұсынды. Олардың арасында инвесторлардың қызығушылығын тудырғандары да бар. Мәселен, білім ордасы Петропавлда Киров атындағы зауытпен бірлескен кәсіпорын ашуды жоспарлап отыр. Осылайша оқу орны бүгін бас-аяғы 20 млрд теңге инвестиция тартып, тараптар меморандумға қол қойды.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Болатбек Табалдиев