Ақмола облысында 42 мектепке жөндеу жүргізіліп жатыр
Ақмола облысында биыл 42 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір тек төртеуінің құрылысы аяқталды. Қалған білім ошақтары жаңа оқу жылына дейін тапсырыла ма? Алғашқы қоңырауға ай қалды. Ел қазынасынан бөлінген 8 млрд теңге мақсатты жұмсалып жатыр ма?
Білім ошақтарындағы құрылыс жұмыстары маусым айында басталды. Аудан мен ауылдарды былай қойғанда, қаладағы мектептептердің көбі ескірген. Мәселен, нөмірі 21-ші білім ошағына ширек ғасырдан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмепті. Осы мақсатта биыл жергілікті қазынадан 58 млн теңге бөлінді.
Жанбала Әубәкірова, мердігер:
-Қазіргі уақытта күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Біз 196 ағаш терезені пластиктен жасалған өнімге ауыстырдық. Сондай-ақ 20 темір есік орнаттық.
Мектептегі күрделі жөндеу аяқталғанымен, қосымша жұмыстар әлі де жүріп жатыр.
Шолпан Байситенова, мектеп директоры:
-Қосымша жұмыстар ол біздін 100% төбеміз жабылады. Сонымен қатар бірінші, екінші, үшінші және төртінші қабат едендері құйылма еденге ауыстырылады. Сонымен қатар кабинеттерді де жөндеп жатырмыз. Жаңа кабинеттер алып жатырмыз. Мына стем кабинет. Биыл алынды.
Жалпы биыл облыста 42 білім беру мекемесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Ол үшін ел қазынасынан 8 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінді. Бірақ құрылысы созылып, тиісті мерзімнен кешігіп жатқан нысандар да бар»,— дейді мамандар.
Айнагүл Балташева, облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
-Қолбалжыту немесе сұрақтар туып отырған нысандар бар. Бірақ осының барлығы облыс әкімінің басты бақылауында. Сонымен қатар осы білім басқармасы жергілікті аудан, қала көлеміндегі әкімдіктермен, оқу бөлімдерімен және мердігерлермен кездесу арқылы бақылауға алынып, толық қадағалау жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан бөлек 485 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ білім ошақтарындағы қауіпсіздікті күшейтуге де баса көңіл бөлінген. Мәселен, тек осы жылдың өзінде аймақтағы мектептерге 781 млн теңгеге 4 мың камера орнатылды.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный