Іргелі ғылым өндіріспен тығыз байланыс орнатпақ
Іргелі ғылым өндіріспен тығыз байланыс орнатпақ. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жас ғалымдар мен әлемдік сарапшылар форумында айтты. «Ғылымға негізделген экономика» тақырыбында өтіп жатқан екі күндік форумда 500-ге жуық ғалым бас қоспақ. Олар бірлесіп, еліміздің өндіріс пен өнеркәсібі және бизнесінің дамуына үлес қоспақ. Биылдан бастап ғалымдар хакатон ұйымдастырып, еліміздің ірі өндірістік компанияларымен бірлесе жұмыс істеп жүр. Яғни ғалымдар бір апта бойы өндірістің кемшілік тұстары мен артықшылықтарын зерттеп, оның нәтижелі жұмыс істеуіне септеспек. Тіпті биыл Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның құрамы өзгеріп, енді оған ғалымдармен қатар ірі компания басшылары кірген.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
-Енді біздің гранттық бағдарламалардың тақырыптары осындай Хакатонның нәтижелерінен берілетін болады. Яғни ақша біздің мемлекеттік қаржыландыру енді ғалымдардың тақырыптарына емес, өндірістің тапсырмаларына негізделетін болды. Негізгі мақсат – өндірістің нақты мәселелерін шешу.