Жыл сайын қан жүйесі ауруларымен ауыратын мыңдаған науқас дің жасушаларын трансплантациялауды қажет етеді. Ал мұндай көмекке көпшіліктің құлқы жоқ. Сондықтан отандық дәрігерлер Қазақстанда табылмаған донорды шетелден іздеуге мәжбүр.
21 жастағы Виолетта Москаленко жақында Италия азаматына сүйек кемігі доноры болған. Бұл еуропалық клиниканың Қазақстаннан донор сұратқан алғашқы жағдайы. Сүйек кемігімім сәйкес келеді дегенде, көп ойланбастан келістім,-дейді ару.
Виолетта Москаленко, донор:
- 2 жыл бұрын донор ретінде тіркелген едім. Әрине, Италия азаматы екенін білгенде қатты таңғалдым. Бірақ бұл ұсынысты қуана-қуана қабылдап, қан орталығына бардым. Процедура еш қиындықсыз өтті. Кәдімігдей қан тапсыру сияқты, ауырсыну сезімі болған жоқ.
Дана Әлиева, тілші:
- Қазіргі уақытта еліміздің донорлық тіркеуінде 12700-ден астам адам бар. Бірақ әлемдегі базамен салыстырғанда бұл әлдеқайда аз. Себебі бір науқастың өзіне 10 мың донордың бірінің ғана сүйек кемігі жарауы мүмкін. Ал науқастың бойында қандай да бір дерт болатын болса, жағдай тіптен қиындайды.
Ақхалаттылар ең алдымен, донорларды туыстар арасынан іздейміз,-дейді. Себебі сүйек кемігінің сәйкес келу ықтималдығы жоғары.
Ажар Шәкенова, Сүйек кемігі донорларының тіркелімі және трансплантацияны дамыту бөлімінің меңгерушісі:
- Туыс емес донорды табу өте қиын. Қазақстанның тіркелімінде донор табылмаса, әлемдік тіркелімнен донор табуымыз мүмкін. Ондай жағдайларда донор Италия, Германия, АҚШ елдерінен табылса да, сол елдерден дің жасушалары клеткаларын Қазақстанға алып келуіміз мүмкін.
Мамандар сүйек кемігін алмастыру арқылы 70 түрлі дертті емдеуге болады,-дейді. Бұл донордың денсаулығына еш кері әсерін бермейді. Қайта көмекке мұқтаж талай жанның өміріне араша болады.
Дана Әлиева, Айбек Ақшолақов