Адам папилломасы вирусына қарсы вакцина ұлдарға да салыну керек. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов осындай ұсыныс тастады. Дәрігерлер болса, еліміздегі ерлердің репродуктивті денсаулығына алаңдаулы. Бұл – ұрпақ болашағы үшін маңызды мәселе.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов өзінің Telegram арнасында : -«Адам папилломасы әйелдерге ғана тән вирус емес. Ол жатыр мойны обырынан бөлек, ер адамдарда тамақ, ауыз қуысы, тік ішек және жыныс мүшелерінің қатерлі ісіктеріне әкелуі мүмкін. Сондықтан ерікті түрде ұл балаларды вакциналауға мүмкіндік беру керек», - деп жазды. Ал Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері ер адамдардың репродуктивті денсаулығына алаңдаулы.
Назым Жанғазы, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі:
- Өңірдің өзінде де біз мысалға кішігірім фокус-группа өткізген кезде 100 бала отыр, 100 жасөспірімнің ішінде «кім урологқа барды?» десе, 5-6-ақ адам қол көтеріп отыр. Ол нені білдіреді? Жасөспірімде әрине, жыныстық қарым-қатынасты басталған кезден бастап кеткеннен кейін олар ешқандай урологқа бармайды. Өйткені біріншіден, ұят. Екіншіден, «біз бармаймыз, ешкімге көрсетпейміз және ол ауырады», - деп сондай бір түсініктері қалыптасып қойған.
Себебі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бұрындары бедеуліктің 80 пайызы әйелдерде анықталса, бүгінде бұл көрсеткіш 50/50-ге жетті. Ер адамдар, әсіресе жасөспірім шақтағы ұлдардың денсаулығын жақсарту қазір қолға алынбаса, кейін кеш болады, - дейді мамандар.
Алмаз Ибрагимов, дәрігер-репродуктолог, андролог:
- Егер шәуеттің сапасының төмендеуі жастың ұлғаюымен байланыстыратын болсақ, қазіргі кезде жастардың арасында шәуеттің сапасының төмендеуі жиі кездесіп отыр.
Ал оған әсер ететін факторлар аз емес.
- Зиянды әдеттер, бейберекет жыныстық қатынастар, жыныстық жолмен берілетін инфекция, тамақтану ерекшелігі, көптеген химиялық қосындылардың болуы, мына энергетиктерден бастап, басқа да тамақ қабылдау ерекшеліктері, онымен қоса күн режиімінің бұзылуы.
Иә, қазір ұлдардың физикалық белсенділігі аз. Ал ұлтымызда ер балалардың малдас құрып отырып, аттың құлағында ойнауының өзі оның ұрпақ жалғастырар күш-қайратының қалыптасуына әсер еткен. Бұл әдіс бала тілінің жетік шығып, жасына сай дамуы үшін де пайдалы екен. Сондықтан болар, түзету-дамыту орталықтарында электронды ер-тоқым кәдеге жарап отыр.
Майра Мырзағали, логопед-дефектолог:
- Өйткені баладағы арқадағы, омыртақадағы, жамбас бұлшық еттеріндегі қан айналымға әсер еткіземіз. Сол арқылы баланың дұрыс отыруына, дұрыс ойлануына, бойының дұрыс өсуіне, ер бала ретінде жамбас сүйегінің қалыптасуына, кейін жамбас сүйегінің дұрыс өсуіне, жұмыртқаларының уақытылы төмен түсуіне әсер етеді.
Репродуктивті денсаулық апталығы мәресіне жетті. Статистика көрсеткендей, тағы да дәрігердің алдына ерлерден гөрі әйелдер көп барды. Елімізде бедеулік пен жыныстық жолмен таралатын инфекция азаймай тұр. Мұның алдын алу керек, - дейді мамандар.
Бақтияр Қасымов, ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық oрталығының ауруханасы урология бөлімшесінің меңгерушісі:
- Иә, қазіргі кезде қалыптасқан тұрақты скрининг ерлер жағынан жоқ. Менің ойымша, иә оны болашақта енгізуіміз керек. Әртүрлі жасқа байланысты. Ересек адамдар мысалы, 15-20 жасқа дейінгілерге біреу, 20-40 жас аралығындағыларға біреу, 40-тан кейінгілерге скрининг басқа болу керек.
Мамандардың дабыл қағуына себеп болған жайттар осындай. Олар ұрпақ жалғастырар азаматтар, өз денсаулығына бей-жай қарамауы керегін айтып отыр. Себебі бұл – ұлт болашағы.
Алуа Маханбет, Ерзат Зайтхан