Маңғыстауда жүрегі ауыратын балалар көбейіп барады. Қазір аймақта 336 мыңнан астам жеткіншек жүрек ауруларымен медициналық есепте тұр. 8 мың 700-ге жуығы туабітті дертке шалдыққан. Шалғай елді мекендерде балаларды емдейтін кардиолог-дәрігер, медициналық құрал-жабдық та жетіспейді. Сондықтан үш ай сайын елордадан ақхалатты мамандар Ақтауға барып, қабылдау жүргізіп келеді.
Мөлдір Жұматаева медициналық тексеру кезінде құрсағындағы сәбиде жүрек ақауы барын білген. Нәресте 3 айлық шағында операциядан аман-сау өтеді. Бір жасқа толған соң Астанаға апарып, күрделі емдік шараны квота арқылы қайта жасатады. Қазір Әлинұрдың жағдайы жақсы. Ақтауға келген елордалық мамандар оның денсаулығын кезекті тексерістен өткізді.
Мөлдір Жұматаева, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:
-Шүкір жақсы. Біз 3 ай сайын, 6 ай сайын барып тұрамыз Астана қаласына, қаралып тұрамыз. Өздері де келіп тұрады. Тегін жоспарлы түрде қарап, кәдімгі емдерін беріп дәрілерін беріп, сөйтіп кетеді. Замира Артықбайқызына алғысым шексіз. Осы баламды аман алып қалды.
Ерболат Нариман 9 жаста. Мұрнынан жиі қан кетуінен күдіктенген жақындары емханаға әкелген. Жүрек қызметінің бұзылғаны анықталған соң шұғыл операция жасалып, жеткіншек аман қалды. Облыстың бас балалар кардиолог-дәрігері Замира Алпысбаеваның айтуынша, диагноз неғұрлым ерте қойылса, бала өмірін сақтап қалуға мүмкіндік те арта түседі.
Замира Алпысбаева, Маңғыстау облысының бас балалар кардиолог-дәрігері :
-Диагнозды қою үшін бірінші Астана қаласына қаласына жіберуіміз керек. Осы балаға 6 айында немесе 7 айында квотамен операцияға келуі керек деген қорытынды беруі керек. Бізде қазіргі таңда кардиохирург мамандар өздері Маңғыстау облысына келіп, операцияға баратын мерзімін белгілеп, сол күнге квотаға дайындауды тағайындап кетеді. Балаларымыз ОСМС жүйесі бойынша тегін отасын жасатып келіп жатыр.
Өңірде жүрек-қан тамырлары ауруларын емдейтін құрал-жабдық та, маман да тапшы. Мәселен, Жаңаөзен, Қарақия мен Бейнеуде 6 кардиолог-дәрігердің орны бос тұр. Сондықтан бұл аумақтарға өзге өңірлерден маман шақыртылады. Жалпы балаларда туа біткен жүрек ақауы - елімізде жиі тіркелетін сырқаттың бірі. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда 380 мыңнан астам кәмелетке толмаған балаға осындай диагноз қойылған.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев