Елде лицензиясыз қызмет көрсетіп, медициналық стандарт бұзған жеке емшара кабинетінің қызметі қатаң бақылауға алынды. Бұл жайында Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді. Оған Жамбыл облысында екі адамның қазасымен аяқталған медициналық көмек көрсетудегі өрескел заңбұзушылықтар себеп болды. Өңірде жүргізілген тексеріс нәтижесінде олқылыққа жол берген 133 кабинет анықталды. Оның 14-іне 2,1 млн теңге айыппұл салынды, 51-і өз еркімен жабылды, 68-інде тексеріс жалғасып жатыр. Мұндай бақылау өзге де өңірлерде жүргізіледі. Министрлік азаматтарға тек лицензиясы бар, білікті мамандар жұмыс істейтін медицина ұйымына жүгінуге кеңес береді. Үй жағдайында дәрігердің бақылауынсыз емшара жасамауға шақырады.