Қазақстанда репродуктивті медицина жаңа белесті бағындырды

  • 152
  • 10.06.2025, 18:38

Қазақстанда репродуктивті медицина жаңа белесті бағындырды. Атап айтқанда, осы бағытта алғаш рет инновациялық терапия әдісі клиникалық сынақтан өтеді. Бұл технология жасы 40-тан асқан әйелдердің жүкті болу мүмкіндігін арттырады.

Зерттеу жұмыстары америкалық жетекші генетик Шухрат Миталиповпен бірлесіп жүргізіледі. Профессор Миталипов Қазақстанның тумасы. Алматыда өткен «Жас және репродукция» симпозиумына ТМД елдері мен АҚШ-тан сарапшылар келді. Репродуктивті медицинадағы инновация мен демографиялық мәселелер талқыланды. Репродуктолог дәрігер Вячеслав Локшиннің айтуынша, жаңа зерттеуді жүргізуге қажетті құрал-жабдықтар дайын. Клиникалық сынаққа қатысушылар да келісімін берген.

Вячеслав Локшин, Репродуктивті медицина қауымдастығының президенті:

- Қазақстандағы репродуктивті медицина әлемдік ғылыммен, дүниежүзілік денсаулық сақтау жүйесімен қатар дамып келелі. Бізде білікті мамандар қажетті құрал-жабдықтар да бар. Сөзімнің дәлелі. Бізге өзге елден келіп емделіп жатады. Митохондриялық алмастыру терапиясы талай отбасын шаттыққа бөлейді деп сенемін.

Салтанат Байқошқарова, биология ғылымдарының докторы, репродуктолог:

- Әйелде 1 айда жүкті болу мүмкіндігі 40 жаста бар болғаны 5 пайыз ғана. Ал ЭКО әдісімен қолданған кезде әрі кетсе, 10-15 пайыз. Негізі әйел де, ер адам да 35 жасқа дейін балалы болып, негізгі функциясын атқару керек. Бірақ бәрі-бір тағы қайталайтын нәрсе, қаншама керемет инновация жасасақ та, адамның денесінен өз ұрығы шықпаса, өз ұрығы таусылған болса немесе өзгерген болса, түрлі генетикалық өзгерістер болатын болса, олармен жұмыс істеу өте күрделі.