Неонатолог немесе комбустиолог мамандары жайлы естіп пе едіңіз? Біздің өмірімізде олардың еңбегі орасан зор. Елімізде осындай салалық мамандар тапшы. Маусым айының үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлері күні.
Шыр етіп дүниеге келген шақалақтың өміріндегі ең алғашқы дәрігері – неонатолог. Олар 28 күн бойы жаңа туған баланың денсаулығын бақылап, қажет болса емдеп, кейін педиатр маманына табыстайды. Неонатологтарды әсіресе мерзіміне жетпей, шала туылған балалардың ата-аналары жақсы таниды. Себебі олар 600-700 грамм болып туылған шақалақтарды қатарға қосып беретін мамандар.
Роза Мақанова, «№2 көпбейінді қалалық ауруханасы» ШЖҚ МКК нәрестелер физиологиясы бөлімінің меңгерушісі, неонатолог:
-Өмірге жаңа адам келу – бұл әр отбасы үшін, тек отбасы емес, бірнеше әулеттің тағдыры. Сол өмірінде алғашқы дәрігер болып, алғашқы шырылдаған нәрестенің үнін естіп және алғашқы рет анасына «Сіз ана болдыңыз. Мынау сіздің сәбиіңіз. Әрине денсаулығы жақсы» деп табыстасақ, бізге одан артық бақыт жоқ деп ойлаймын. Ал егер де медициналық көмек қажет болса, әрине біз өз күшімізді аянбаймыз.
Астанадағы №2 көпбейінді қалалық аурухананың перзентханасында жылына 12 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Оларға 35 неонатолог дәрігер қарайды. Бұл жаман көрсеткіш емес. Бірақ республиканың шалғай ауыл-аймақтарында мұндай мамандар тапшы. Медицина саласындағы тапшы мамандардың енді бірі дәрігер-комбустиолог.
Бахытхан Сағидолда, «№2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы» ШЖҚ МКК КҮЙІК бөлімшесінің меңгерушісі, комбустиолог:
-Жарақаттың көп түрі бар. Жарақат неден болуы мүмкін? Ұрып алу, соғып алу деген сияқты. Ал комбустиология ғылымы тек қана күйіктен болған, яғни термиялық механизмнен болған жарақатты емдеу. Күю немесе үсініп қалу және соның салдарынан болған, күйіктің кейінгі салдарын тыртығын емдеу немесе тыртықтан қалған эстетикалық өзгерістерді емдеу ғылымы.
Қалалық күйік бөлімшесінде 4 комбустиолог еңбек етіп жүр. Олар жылына шамамен 800-ге жуық балаға медициналық көмек көрсетеді. Еліміз бойынша бала және ересектерді емдейтін бар-жоғы 50-ге жуық комбустиолог маманы бар екен. Айтпақшы, қазір елде 275 107 медицина қызметкері тіркелген. Оның 83 379 дәрігер болса, 191 728-і орта медицина қызметкері. Соңғы жылдары сала мамандарының жалақысы артып, олардың құқығын қорғайтын заң да қабылданды. Тіпті былтыр ел тарихында тұңғыш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы бірнеше маманға табысталды. Демек адам өмірін арашалайтын абзал жандарға деген құрмет есеймесе, кеміген емес.
Алуа Маханбет, Аманжол Байғазин