14 маусым — Дүниежүзілік қан доноры күні. Осыған орай еліміздегі барлық қан орталығында ашық есік күні өткізілді. Мақсат — донорлықты дәріптеу, халықты қан тапсырудың маңыздылығы мен қауіпсіздігі туралы хабардар ету.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, республикамызда жыл сайын шамамен 250 мың адам қан тапсырады. Оның 68 пайызы қайта тапсырушылар, ал 10 пайызы жылына 3 рет келеді екен. Қалғаны жаңарып отырады. Олардың басым бөлігі бұл игілікті істі тегін түрде жасайды. Негізі заң бойынша қан тапсырған азамат 4-тен 10 мың теңгеге дейін ақша алуға құқылы.
Айта кетейік, орта есеппен жылына 80 мыңға жуық науқасқа қан құйылады. «Сондықтан донорлар үнемі қажет», - дейді дәрігерлер.
Әйгерім Сағымбаева, Қан орталығының бөлім меңгерушісі:
- Бізде бірінші мен екінші қан тобы сұранысқа ие. Донорлар бізде кәмелет жастан бастап ғана қан тапсыра алады. Ер адамдар мен әйелдерді салыстырғанда, донорлардың 51 пайызы — ер адамдар. Ең жиі қан тапсыратындар — 31 бен 51 жас аралығындағы азаматтар.