Қызылордада тұрақты донорлар қатарын көбейтуге бағытталған тың жоба қолға алынды. Жергілікті оқушылар қан тапсыру процесін жеңілдететін смарт-қосымша әзірлеп жатыр. Ол донорға қан тапсыру уақытын ескертіп, медициналық кеңестер мен түрлі жеңілдіктерді ұсынады. Жоба авторлары бұл бастама адам өмірін сақтауға үлес қосатын жандарды қолдаудың жаңа жолы деп отыр.
Галина Усова 11 жылда 61 рет қан тапсырған. Қан орталығына 3 айда бір рет келіп тұрады. Ол осы игілікті қадамы арқылы денсаулығы сыр берген талай жанға өмір сыйлайтынын жақсы түсінеді.
Галина Усова, донор: - 2004 жылы туысым ауыр халде ауруханаға түсті. Қан керек болды. Сол кезде әр тамшы қанның маңызын терең түсіндім. Осы оқиға мені тұрақты донор болуға итермеледі. Қан орталығына келген сайын біреудің өмірін сақтап жатқанымды сезінемін.
Қан тапсыруды жеңіл әрі жүйелі ету үшін қызылордалық оқушылар жаңа смарт-қосымша жасап шықты. Бұл жүйе қан тапсыру уақытын еске салады, медициналық кеңестер береді.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші: - Мобильді қосымшаның тағы бір ерекшелігі – жеңілдіктер ұсынады екен. Яғни тұрақты донорларға банк қосымшалары арқылы бонустар беру, қоғамдық көлікпен тегін жүру немесе кинотеатрға билет сыйлау секілді функциясы бар. «Бұл тұрақты донорлардың қатарын арттыруға сеп болуы мүмкін», - дейді идея авторы.
Асылжан Жомартқызы, жоба авторы: - Қосымшаның ішінде хабарландыру мен профиль бөлімі бар. Профиль бөілімінде адамдар өздерінің анализдерін қан орталығына бармай-ақ телефонмен көре алады.
Қызылордада жыл сайын 13 мыңнан астам адам қан тапсырады. Олардың 400-ден астамы тұрақты донор. Дүниежізілік донор күніне орай белсенді қан тапсырып жүрген жандар марапатталды.
Серік Игембаев, қан орталығының директоры: - Бүгінгі таңда облыстық қан орталығы облыс бойынша 17 емдеу мекемесін уақытылы және сапалы қан өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Қан өнімдерінің жетіспеушілігі жоқ. Бірақ күнделікті донорлар келіп, емдеу мекемелеріне берілген қан өнімдерінің орнын толтырып отыруға қазір жұмыс жасап жатыр.
Айта кетейік, былтыр Қызылордада заманауи медициналық құралдармен жабдықталған жаңа қан орталығы ашылды. Жалпы ауданы 6 мың шаршы метрден асатын мекеме бұрынғы ғимараттан төрт есе үлкен.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев