Елімізде 4 мыңға жуық адам ағзасын ауыстыруға кезекте тұр. Оның 108-і бала. Өкініштісі сол, жыл сайын 300-ге жуық жан трансплантацияға үлгермей, кезегін күткен күйі қайтыс болып кетеді. Ұзын сонар кезекті қалай реттеу керек? Донорлық жүйеге қандай тетіктер қажет?
2020 жылы Бекболат Шерниязовтың қос бүйрегі бірдей істен шығып, күннен күнге жағдайы нашарлай бастайды. 2023 жылы дәрігерлер оның бүйрегін алмастыру қажет екенін айтады. Сөйтіп донор іздеуге кіреседі. Дертіне дәруді шет елдерден де сұрастырған.
Бекболат Шерниязов, қала тұрғыны:
- Біз Белорусияға да шықтық. Солармен сөйлескенде 40 млн теңге тұрады. Бірақ бізде ондай сумма болған жоқ. Сосын туысқандар анализ тапсыратын болып келісті. Келіншегім, анам және ағам. Анамдікі қан тобы келмеді. Ағамдікі 47 пайыз болды, келіншегімдікі үйлесімділік 87 пайыз болды. Біз ағамыздікін алатын болып келістік.
Бірақ қуанышы ұзаққа бармады. Ағасының дене салмағына байланысты сырқаттары анықталып, дәрігерлер оған диета ұстап, қайта анализ тапсыруға кеңес береді. Бірақ Бекболатта күтетін уақыт болмайды. Қысылтаяң кезде зайыбы бір бүйрегін беруге келіседі.
Сабира Мұстафина, қала тұрғыны:
- Жолдасым көз алдымда шөгіп бара жатты. Жүрегіне 2 ота жасалды, асқазаны ауырды. Түнде көз ілуден қалды. Содан кейін жүрегі үлкейіп, дем ала алмады. Мұның бәріне қарап отыра алмадым. Бір бүйрегімді беру – менің шешімім. Ота қиын болған жоқ. 1 аптадан соң ауруханадан шығып, қалыпты өмірге оралдым. Қазір бәрі жақсы.
Шетелде трансплантацияның 95%-ы мәйіттік донорлық арқылы жасалады. Қазақстанда бұл көрсеткіш небәрі – 15%. Себебі еліміздегі заңнамаға сай о дүниелік болған адамның жақын туыстарының рұқсаты қажет. Мамандар: «Мұндай жағдайда 10 адамның 9-ы қарсы болады»,- дейді. Олар донорлық ағзаның тапшы екенін айтып, дабыл қағуда.
Айдар Сейітқазинов, Республикалық трансплантацияны үйлестіру орталығының директоры:
- Бұл өте өзекті мәселе. Былтыр 6 адам мәйіттік донорлыққа келіссе, биыл марқұм болған жанның ағзасын алуға туыстардың 4-еуі ғана рұқсатын берді. Күту парағында кезегін зарыға күткеннен көз жұмып жатқандар көп. Сондықтан бір адамға жарық өмір сыйлауға асықсақ деймін.
Құралай Жұмахан, тілші:
- Елімізде жыл сайын жүрек, өкпе, бауыр және бүйрек трансплантациясы бойынша 200-ге жуық операция жасалады. Алайда ағзасын ауыстыруды қажет ететіндер саны бұдан асып жығылады. Бұдан былай қайтыс болған марқұмның ағзасы донорға мұқтаж жандарға жарайтыны анықталған жағдайда оның туыстарына ескертілместен автоматты түрде алынуы мүмкін. Бұған қарсылық білдірушілер көзі тірісінде eGov.kz порталында донор болуға рұқсат бермейтінін тіркетуі шарт. Қарастырылып жатқан жаңа заң талабы бойынша оның есімі қарсылық білдіргендер қатарынан табылса, оған тиіспейді.
Құралай Жұмахан, Азамат Сәметов, Самат Оспанов