Инсультке шалдыққандар саны артып барады

  • 28
  • 20.06.2025, 18:56

Тіпті жас талғамайды. Астанадағы халықаралық конференцияға жиналған сарапшы мамандар осылай деп дабыл қақты. Елде жыл сайын 40 мың адам инсульт алады. 

Былтыр 49 мың жан жүрек-қантамырлары ауруымен ауырса, олардың  5 мың 800-і ауруханада көз жұмған. Тағы 3 мыңы ауруханадан шыққаннан кейін бір айдың ішінде қайтыс болған. Жүрек-қантамыры ауруларының жасаруына не себеп? Оның қалай алдын алуға болады?

77 жастағы Рымкеш Сексенбаева осы уақытқа дейін денсаулығына шағымданып көрмеген. Арасында басы ауырғаны болмаса... Даладағы бақшасын баптап, енді жұмыстағы балаларына тамақ істеу үшін үйге кіргені сол еді, өзін жайсыз сезінеді. 

Рымкеш Сексенбаева, қала тұрғыны:

- Сорпаны қасықпен көріп ішейін десем, мына қолым істемей қалды. Сосын қолым шаршап тұр ма деп ойладым. Тілім байланып қалды. Сосын 12-не түстім. Қазір Құдайға шүкір, жаман емеспін. 

Әлемде жылына 12,2 миллионнан астам инсультқа шалдығады. Бүгінде бұл дерттің салдарымен 101 миллионнан астам адам өмір сүріп жатыр. Әр жылы шамамен 6,5 миллион адам жүрек-қантамырлары ауруынан көз жұмады. Инсульт — дүниежүзіндегі өлім-жітім мен мүгедектікке алып келетін жетекші себептердің бірі.

Ержан Әділбеков, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының басқарма төрағасы:

- Бірінші кезекте артериялық гипертензия, қант диабеті, ми қантамырларының іші тарылу. Міне, осы факторлар әсер етеді. Сосын күйзелістен бастап ішімдік, темекі сияқты зиянды әдеттер, дұрыс тамақтанбау, суды мөлшерінен аз тұтыну, қимыл-қозғалыстың аздығы сынды себептері де бар. Сондықтан әр адам өз денсаулығына саналы түрде жауапкершілік алуға тиіс.

Тосыннан тап келетін ауруға қазір жастар да жиі ұшырай бастаған. Бұрындары 70-80 жастағы қарттар ғана инсульт алып жатса, бүгінде тіпті бұл дерт жаңа туған нәрестелерде де кездеседі. Бір өкініштісі, жүктілік кезеңінде іштегі нәрестеде ақау бар екенін анықтау мүмкін емес. 

Сабина Медуханова, ҰШМҮО Республикалық инсульт проблемалары жөніндегі үйлестіру орталығының басшысы:

- Азаматтар инсульттің бірінші белгілерін білу керек. Егер сіздің бетіңіздің бір жағы қисайып қалып, ассиметриялы болып қалса, аяқастынан сөйлей алмай қалсаңыз, қол-аяғыңызды көтере алмай қалсаңыз, жедел жәрдемге инсультке күдіктеніп жатырмын деп, ол кісіні 40 минут ішінде жедел жәрдем алып кетіп, тікелей инсульт орталығына әкеледі. 

Құралай Жұмахан, тілші:

- Инсультті емдеуде шешуші фактор – медициналық көмекті дер кезінде алу. Пациент көмекті неғұрлым тез алса, мүгедектікке ұшырау қаупі соғұрлым төмен болады.

Құралай Жұмахан, Аманжол Байғазин