Әлем бойынша есірткіге елтігендердің қатары азаймай тұр. Тек Алматының өзінде 1 мың 200-ге жуық адам тіркеуде. Бүгін Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күні психикалық сауықтыру орталығында семинар өтті.
41 жастағы алматылық кейіпкеріміз психикалық сауықтыру орталығында емделіп жүр. 13 жасында алғаш рет есірткіге қызыққан. Содан бері дертінен айыға алмай келеді. Бұл жолы сот шешімімен алты айға жатқызылған.
Емделуші:
-Спортпен тәп-тәуір айналысқанмын. Жүзуден спорт шеберімін. Бірақ есірткінің кесірінен тастап кеттім. Кәрі анам бар. Отбасын құрмадым. Осы жолы мәжбүрлеп жатқызды. Қазір тәуір болып қалдым.
Психиатр нарколог Данияр Сүйіндіковтің айтуынша, індеттің құрығына іліккендердің қатарында 15 жастағы жасөспірімнен бастап, жасы 70-ке таяған қарияға дейін бар.
Данияр Сүйінбеков, психикалық сауықтыру орталығының бөлім меңгерушісі, психиатр-нарколог:
-Менің еш жерім ауырып тұрған жоқ. Басым ауырып тұрған жоқ, құсқым келіп тұрған жоқ. Яғни менде ауру жоқ деп ойлайды. Емдеу шаралары жүргізген соң сезімі жақсы болуы мүмкін. Еш жері мазаламауы мүмкін. Бірақ тәуелділік қалады. Сондықтан емді кешенді түрде саты-сатысымен әрбір сатысын түгел пайдаланса үлкен жетістіктерге жетуге болады.
Шамадан тыс есірткі қолданғанда жүйкесі жұқарады. Елес пайда болады. Адам қорыққанынан сандырақтап сөйлейді. Мұндай жағдайда шұғыл түрде дәрігердің кеңесі керек. Әйтпесе өзіне ғана емес айналасына қауіп төндіруі мүмкін. Мұның кейбір белгілері маскүнемдерде де кездеседі.
Азамат Аққұл, емделуші:
-Қазір 1,5 жылдай 1 жыл 7 айдан асты, ішімдікті ойламаймын. Көмек сұрап біліп үйрену керек. Проблема болса адамдарға келіп психологтармен, реаблитационный центрлар қазір бізде қатты дамып жатыр.
Алматыда 4 мың 500 ден астам адам наркологиялық есепте тұр. Оның 3,5 мыңға жуығы алкоголизм бойынша, қалғаны есіртікіге тәуелділер. Олардың арасында 10 жасөспірім бар. Мамандар есірткінің барлық қауіпті екенін айтады. Кейіпкеріміз де бұдан аулақ болуға шақырады.
-Мұнымен әуестеніп қажеті жоқ. Тәуелділіктен арылу өте қиын. Сондықтан бойды мүлдем аулақ ұстаған жөн.
Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев