Қазақстанда тіс емдеу қымбаттап барады. Үш айда халық бұл қызметке 60 миллиард теңге жұмсаған. Бұл былтырғыдан 50% көп. Бағаның өсуіне не себеп? Стоматологтар не дейді?
Айнаш Қанапина ұлы Бауыржанның тісін Қостанайға барып емдетеді. Бірақ алыс сапарлар отбасы бюджетіне айтарлықтай шығын келтіргендіктен Астанадан стоматолог іздеп қиналған.
Айнаш Қанапина, қала тұрғыны:
-Дәрігерлердің көбі балалардың қанқұртын емдеу үшін наркоз қолданады. Ал емсіз, тек 1 сағаттық наркоздың құны 60 мыңнан басталады. Қымбаттығын айтпағанда, бұл ұлымның денсаулығына зардабын тигізе ме деп қорықтым.
Тіс емдеу – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне енгенмен, тегін қызмет тек белгілі бір санаттағы азаматтарға көрсетіледі. Әрі көп жағдайда шұғыл көмектен аспайды. Сондықтан жекеге сұраныс та азаймай тұр.
Ғабиден Айдаров, стоматолог дәрігер:
-Отодонтиялық ем, денотологиялық ем дамып жатыр, имплантация, бәрі ақылы. Шарты жағдайы, бәрі ыңғайлы болғаннан кейін, кез келген адам жақсы жерде емделгісі келеді ғой.
Елде кариес емдеу мен тіс жұлу 12%, ал протездеу 11% қымбаттаған. Бірақ қазақстандықтардың 87% шығынды өз қалтасынан өтепті.Мамандар болса, қымбатшылыққа негізгі себеп импортқа тәуелділік дейді.
Ермек Нуриев, жеке стоматологиялық клиниканың директоры:
-Соңғы жылы доллардың, евроның өсуі бағаға өзінің әсерін тигізеді. Қарапайым кариес емдеу бұрын 15-20 мың көлемінде болса, қазір 30-35 мың көлемінде болады. Әрбір клиникада 90% дерлік барлығы шетелдік өнімдер, құрал-жабдықтар.
Ал шалғай аймақтарда мәселе тіптен өзекті. Қымбатшылықтан бұрын, маман тапшы.
Гүлжан Ермұханова, медицина ғалымдарының докторы, профессор:
-10 мың адамға деп санағанда бұл бір 2-3 стоматологтан келеді. Ал дамыған елдерде негізі адамға 10 стоматолог болу керек. Ақмола облысы, ШҚО, СҚО жетіспейді екен. Ал Алматыны алсақ, Астананы алсақ, Шымкентті алсақ, осындай үлкен-үлкен стоматологтар асып жатыр.
Салада қордаланған мәселелер шешілмейінше, тіс емі арзандамасы анық.
Дана Әлиева, Азамат Саметов