Былтыр травматологиялық қызметтерге 2,5 миллионнан астам адам жүгінген. Бұл жайлы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының директоры айтты. Олжас Бекарысовтың сөзінше, травмопункттер 1 млн 210 мың адамды қабылдаса, емханалардағы травматологтарға 1 млн 300 мыңнан астам адам жүгінген. Алайда алғашқы медициналық көмекті көрсететін мамандар саны жеткіліксіз. Бүгінде Қазақстанда барлығы 1 508 травматолог-дәрігер ғана бар. Оның тек 174-і ауылдық жерлерде жұмыс істейді. Ал бірінші және жоғары санатты травматологтардың саны 500-ге де жетпейді.
Олжас Бекарысов, ҚР ДСМ «Академик Н.Ж. Батпенов атындағы ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығы» ШЖҚ РМК директоры :
- 10 мың адамға шаққанда 1 травматолог дәрігер де жетпейді. Көрсеткіш 0,7-нің деңгейінде. Тапшылық, әсіресе, ауылды-аймақтарда сезіледі. Түлектер саны да көп емес. Ел резидентураларында травматология және ортопедия мамандығын тек 103 түлек бітірген.