Қант диабетін емдеу тәртібі өзгерді

  • 57
  • 01.08.2025, 18:39

Елімізде қант диабетіне шалдыққан науқастар тегін дәрі-дәрмексіз қаламыз деп алаңдап отыр. Алматыда қоғамдық қор өкілдері жиналып осы мәселеге қатысты жиын өткізді. Келесі жылдан бастап сусамырды емдеу тегін медициналық көмектің кепілдік берілген тізбесінен алынып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне өтеді. Денсаулық сақтау министрлігі жаңа заңның мақсатын түсіндіріп, туындаған сұрақтарға жауап берді.  

Биыл 14 шілдеде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру туралы жаңа заң күшіне енді. Қант диабеті бұрынғыдай әлеуметтік маңызы бар ауру ретінде қарастырылады. Бірақ емдеу міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті есебінен қаржыландырылады. Статистикаға сүйенсек, елде 535 мыңнан аса адам сусамырға шалдыққан. Олардың 95% 2-ші типті қант диабетімен ауырады. Бұл дертті емдемесе, жүрек-қан тамыр аурулары асқынып, өлімге немесе мүгедектікке соқтырады. 

Руслан Закиев, «Қант диабеті бар балалардың ата-аналары» қорының директоры:

-Бізді алаңдатқан жәйт жаңа бұйрықта бірқатар дәрі, нақтырақ айтқанда ГПП-1 тобына кіретін гормондық дәрілер тізімнен алынып тасталған. Жаңа құжатта кейбір препараттар «жасөспірімдерге» арналады деп жазылған. Біз жарты жыл бойы бұл тұжырымның заңсыз екенін айтып келдік. Себебі амбулаториялық дәрілік көмекке қатысты бірде-бір нормативтік құжатта «жасөспірім бала» деген ұғым жоқ.

Осы жағдайға қатысты Денсаулық сақтау министрлігі түсініктеме берді. Дәрілік саясат департаментінің директоры Жандос Әділханның айтуынша, ГПП-1 тобының дәрілері қосымша көмек ретінде қарастырылады. Енді бұл препараттар шын мұқтаж адамдарға ғана беріледі. Сонымен қатар келесі жылдан бастап инсулинге тәуелді барлық науқастарға заманауи бір дәрі ғана тағайындалады. Бұған дейін 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге бөлек, өзге науқастарға бөлек инсулин салынып келген.  

Жандос Әділхан, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің департамент директоры:

-Бұл шешім міндетті әлеуметтік сақтандыру пакетіне ауысқанымен бұл олардың тұрақты дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуде кепілдендірілген түрінде сақталып қала береді. Яғни қант диабетімен ауыратын науқастардың дәрілік заттармен қамтамасыз етілуі қаржылық тұрақты түрде сақталынады. 

Министрлік өкілінің айтуынша, елімізде қант диабетімен ауыратындарды мемлекеттік қолдау бағдарламасы ТМД елдері арасында ең ауқымды. Бір науқасқа жылына 180 мыңнан 600 мың теңгеге дейін қаржы жұмсалады. 

Аршын Кемелжан, Кенже Амраев