Келер жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасы өседі. Сондай-ақ бүгінде тегін көрсетіліп жүрген бірнеше медициналық қызмет МӘМС жүйесіне өтеді. Ал әлеуметтік осал топтарға жарнаны енді жергілікті бюджет бөледі. Президент қол қойған жаңа заңда тағы қандай өзгеріс бар?
Елде 3,6 млн адам міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалған. Әрине олардың арасында кезек күткісі келмей, тек жеке клиникаларда ем алатындар бар. Бірақ ай сайынғы жарнаны қалтасы көтермейтіндер де аз емес. Жуырда ғана Президент қол қойған жаңа заңда, әсіресе елдегі әлеуметтік осал топтарға мән берілген.
Гүлжан Шайхыбекова, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» Астана қаласы бойынша филиалы директоры:
-Біздің Қазақстанда қазіргі таңда 3,6 млн халық МӘМС жүйесіне кірмеген. Оның ішінде 1 млн халық әл-ауқаты төмен азаматтар болып есептеледі. Сол азаматтарды денсаулығын сақтау үшін және түзетуге мүмкіндік беру үшін осы заңда жергілікті бюджеттерден яғни қалалық және облыстық бюджеттерден жарналарын төлеу көзделген. Бұл кісілер ақпараттық жүйелерде бүгінгі күні анықталған. Әр азамат анықталып, солардың жарнасын 1 қаңтардан бастап жергілікті бюджет төлейді.
Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа заңда жұмыссыз қалған азаматтар үшін де жаңалық бар.
-Жұмыссыз қалған жарна төлей алмайтын азаматтар осы 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап тоқтатпай өздерінің жарнасын төлеп отырған болса, онда 2026 жылдан бастап қандай да бір жағдай себеп болып, жарна төлей алмай қалса, алты аға дейін медициналық көмекке жүгінуге мүмкіндігі бар. Бұрын ол 3 ай болатын.
Айтпақшы, жаңа жылдан бастап 850 мың теңгеден артық жалақы алатын азаматтар үшін жарна көлемі артады. Яғни қалталы азаматтар көп төлейтін болады. Тағы бір маңызды өзгеріс.
Ләйла Иманғалиева; Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:
-Келер жылдан бастап, 8 әлеуметтік мәні бар ауруға, атап айтқанда туберкулез, ВИЧ, созылмалы вирусты гепатиттер мен бауыр циррозы, қатерлі ісіктер, психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар, орфандық аурулар, жедел миокард инфаркт пен инсультке күдік болған жағдайда, кеңес беру және диагностика қызметтері тегін ұсынылады. Бұрын мұндай көмек тек туберкулез бен ВИЧ жағдайында ғана тегін көрсетілетін. Алғашқы медициналық көмек, жедел жәрдем, шұғыл оталар да сақтандыру мәртебесіне қарамастан тегін болып қала бермек. Ал өзгелері МӘМС жүйесіне өтеді. Сондықтан «Бірінші байлық, денсаулығына» бей-жай қарамайтындар үшін сақтандырылған дұрыс болар. Мақсат та сол. Халықтың 90% осы жүйеге көшіру. «Міне, сонда қорға 200 млрд қаржы түспек. Бұл өз кезегінде медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, сапасын жақсартуға сеп»,– дейді мамандар.
Алуа Маханбет, Мейірбек Беспаев, Руслан Тәуірше