Енді жоғары білімі бар мейірбикелер науқастарды қабылдап, алдын ала диагноз қоя алады. Бұл алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін жаңғырту аясындағы жаңа тәсіл. Астанада бір жыл бойы пилоттық жоба ретінде іске асырылған. Оның тиімділігі қандай? Мейірбикелер дәрігерлерді қаншалықты алмастыра алады?
Енді басқа дәрігерге жолдама керек болса, не жеңіл-желпі шағымдар болса, ешқайда жазылмай-ақ дәл осында келіп, мейіргердің қабылдауына кіруге болады. Бұл уақытты үнемдеп қана қоймай, дәрігерлердің жүктемесін біршама азайтады
Айман Нұрғалиева – 13 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі мейірбике. Бір жыл бұрын ол дәрігерсіз, науқастарды өз бетінше қабылдай бастаған. Бастапқыда тұрғындар бұл жүйеге үйренісе алмағанымен, қазір көпшіліктің көңілі толады. Ал мейірбике күніне 15-тен 20-ға дейін адамға көмек көрсетеді.
Айман Нұрғалиева, мейірбике:
-Дәрігерге дейін біз науқасты дайындап қоямыз. Егер ол кісі кардиологқа баратын болса, кардиологқа дейінгі анализдарын тапсыртамыз. Электрокардиограммадан, диагностикадан өткіземіз. Сосын арнайы кардиолог маманына жіберіп отырамыз. Кардиолог әрі қарай өзі тексеріп, тағайындауларын өзі істейді.
Мейірбикелер ең алдымен диспансерлік есептегі және скринингтен өтуі тиіс азаматтармен жұмыс істейді. Ауыр дерттің алдын алу үшін оларды уақытылы тексеріске шақырып, қажетті жолдамасын береді.
Жанат Анатбаева, қала тұрғыны:
-Бұрын біз келіп, жүгіріп жүретінбіз. Қазір мейірбикелер өздері шақырады. Дәрімізді уақытында аламыз. Тексереді, ауыз-қуыстарын, папиломаны, аяқтарымызды тексереді. Қазір өте жақсы, кейде өзіміз таңғаламыз. Бұрын ондайды көрмегенбіз ғой. Қазір өздері шақырып, өздері келеді. Біз соған қуаныштымыз.
Сондай-ақ пилоттық жоба аясында бірқатар емханада фильтр-кабинеті, call-орталық және жедел көмек кабинеттері біріктірілді. Мұндай бөлімшелерде тұрғындар дәрігерге жазылмай-ақ шұғыл көмек ала алады.
Алтыншаш Табулдина, №5 қалалық емхананың дәрігері:
- Бір жерім ауырып тұр деп науқас келеді ғой, учаскелік дәрігердің қабылдауы бітіп қалады, не болмаса, мамандарға барғысы келеді. Олардың бәріне жазылу керек қой. Алдын ала жазылып тұр, кезек. Оның келетінін ешкім білген жоқ. Сондықтан осында ауырып тұрмын деп келген адамдар, не болмаса шақыртқан адамдар шұғыл бөлімге келеді. Ол жерде анализ ала аламыз, ЭКГ жасата аламыз, УЗИ-ға апарып түсіре салуға болады. Отырған мамандардың бәрі келіп, қарап береді.
Шұғыл көмек көрсету бөлімдері ашылғалы бері дәрігерлерді үйге шақырту көрсеткіші 15% азайған. Енді пилоттық жобаның өрісі кеңейіп, бұл тәжірибе бүкіл елде қолданылады.
Дана Әлиева, Самат Оспанов