Дәрігерлерге шабуыл жасағандар 15 жылға дейін сотталуы мүмкін

  • 113
  • 24.07.2025, 18:44

Дәрігерлерге шабуыл жасағандар 15 жылға дейін сотталуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі осындай бастаманы заң жүзінде бекітуге мүдделі. Енді барлық ұсыныс күзде Парламентте қаралады. Бұл туралы бүгін Үкіметте өткен баспасөз отырысында айтылды. Жиында жалған дипломмен күрес, лицензиясыз мектептер мәселесі, азаматтарды жұмыс және баспанамен қамту нәтижелері де жарияланды. 

Дәрігерді соққыға жықты. Медицина қызметкеріне шабуылдады деген бейнежазбаны көпшілік соңғы уақытта көріп, естіп жүр. Тек биылдың өзінде 6 факт тіркеліпті. Ал 5 жылда 170-ке жуық дәрігер зардап шеккен. Медицина қызметкерлеріне қол көтеретіндерге қатысты жазаны күшейту қажеттігі осыдан туындауда. Қазір депутаттармен бірге заңнамалық өзгерістер пакеті дайындалыпты. Қандай жаза қолданылуы мүмкін?

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

-Қорқыту мен қоқан-лоқы көрсетушіні 2 жылға бас бостандығын шектеу. Шабуыл жасағаны үшін 2-ден 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Төтенше жағдайда жасалған әрекет үшін 10 жылға дейін жаза. Бірнеше медицина қызметкеріне шабуыл жасаса, 15 жылға бас бостандығынан айыру.

Сондай-ақ Үкімет жаңа оқу жылы басталғанша лицензиясыз жұмыс істеген мектептер мәселесін шешуге мүдделі. Бұған дейін 66 мектептің тиісті рұқсатсыз бала оқытқандығы туралы ақпарат шыққан болатын. Олардың арасында жекеменшік білім ордалары да бар.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

-Лицензиясыз мектептердің пайда болуы туралы айтсам, жыл сайын 200-ден аса жаңа мектептер іске қосылуда. Сол кейбір жағдайдарда әкімдіктер немесе мектептер лицензия алып үлгермей жатады. 66 лицензиясыз жұмыс істеген мектептің бар-жоғы 18-і қалып отыр. Оларды да оқу жылының басына дейін барлық жергілікті атқарушы органдар қалыпқа келтіруге үлкен жұмыс жасап жатыр.

Министрлік сондай-ақ жалған дипломмен күресті күшейтті. 1991-ден 2021 жылға дейінгі дипломдар цифрландырылған. Қалған бөлігі де толықтай арнайы базаға енгізіледі.
 
Гүлзат Көбенова, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі:

-Бүгінгі күні дипломды сатып алудың қажеті жоқ. Себебі әрбір дипломды тексеруге болады. epvo.kz деген порталдан жұмыс беруші немесе әр тұлға негізгі дипломның нөмірін терсе, онымен қай жерде, қандай жылы қандай жоғары оқу орнын аяқтағаны туралы ақпарат шығады. 3,5 млннан астам дипломды цифрландырдық. Сондықтан да сол жерден арнайы тексеруге болады.

Шара аясында әлеуметтік сала бойынша жарты жылдықтың қорытындысы да жарияланды. Мәселен, «Наурыз» және «Отау» тұрғын үй бағдарламаларына бюджеттен 220 млрд теңге бөлініпті. 5,5 мың жас үйлі болған.

Ермек Көшербаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

-Бүгінгі таңда мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толық орындауда. Бюджеттің жартысынан көбі осы салаға жұмсалады. Жыл басынан бері 1,2 млн баласы бар отбасылардың жәрдемақылары 6,5% арттырылды. Оған республикалық бюджеттен 870 млрд тенге бөлінді. Ол 2024 жылмен салыстырғанда шамамен 17% көп.

Ал жыл басынан бері зейнетақы төлемдері 8,5 процент артыпты. Ал қазір 245 мың адам атаулы әлеуметтік көмек алады. Түрлі жобаларды іске асыру нәтижесінде 250 мың адам жұмыспен қамтылған.

Ердәулет Ыбырайұлы, Қайрат Ақтөреев