Түркістан облысы Ақсу-Жабағылы қорығында аң мен құсқа күзгі санақ басталды. Ұлттық парк қызметкерлері жабайы жануарлардың санын нақтылап, қыс мезгіліне дайындық жүргізіп жатыр. Қазір табиғаты көз тартар қорықты тамашалауға отандық саяхатшылармен қатар, туристердің де ағымы артып тұр.
Табиғат қорғау аумағында орнатылған жасырын камераға қонжықтың қызығушылық танытып тұрған сәті жазылып қалды. Қазір бұл жабайы аң қысқы ұйқыға қамданып жүр. Сонымен қатар арқар мен тау ешкілері де жиі көзге түсе бастады.
Қорық қызметкерлері күзгі санаққа түгел жұмылдырылды. Жырқыштар мен тұяқты жануарлардың дәл есебін алу үшін арнайы алгоритм әзірленіп, төрт күндік жоспар бекітілді. Бұған дейінгі сараптамада 42 түрлі аң мен 200-ден астам құс түрі анықталған. Енді көрсеткіш қайта жаңғыртылып, табиғи тепе-теңдікті сақтау шаралары пысықталады.
Сматулла Жұманов, Ақсу-жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы директорының орынбасары:
- Кестелер бойынша әрбір нүктеде қызметкер өзі көргенін, уақытын, қай бағытта кетті, қай бағыттан шықты, саны, аталық, аналық, төлі, осының барлығын фиксация етіліп, кесте толтырылады. Сонымен ол кестелер жиналып, орталық ғимаратта зертханамыз бар. Ғылыми бөлім қызметкерлері сараптама жүргізеді. Сараптамадан кейін бұлардың нақты саны анықталады.
Ақсу-Жабағылы қорығы тек жануарлар әлемімен ғана емес, өсімдіктердің алуан түрлілігімен де ерекшеленеді. Мұндағы мыңнан астам ағаш түрінің 41-і «Қызыл кітапқа» енген. Жабайы қызғалдақ, дәрілік жусан, рауғаш пен арша өңір байлығы саналады. Сирек кездесетін ұлар, бүркіт, бұлбұл мен қызылқұйрық сияқты құстардың негізгі мекеніне айналған. Биыл табиғаттың осындай ғажайыбын көруге үш мыңнан астам турист келген.
Жалын Құттыбаев, турист:
- Табиғаты керемет. Әдемі. Осындай жерлеріміз көп болса қорық болғаны жақсы екен. Ішінде жабайы аңдардан басқа үй малдары, басқасы жоқ. Ауасы таза. Керемет жер.
Ұлттық паркте туристерге 10 экскурсиялық бағыт ұсынылады. Табиғатпен етене танысқысы келетіндер атпен немесе жол талғамайтын көлікпен саяхаттай алады. Қорық мамандары келешекте туристік инфрақұрылымды одан әрі дамытып, қызмет сапасын жақсартуды жоспарлап отыр.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов