Astana Media Week апталығы өз мәресіне жетті

  • 11
  • 07.11.2025, 19:48

Журналистиканың болашағы, жасанды интеллект дәуіріндегі медиа, ұлттық контенттің дамуы. Осы және өзге де тақырыптар арқау болған Astana Media Week апталығы өз мәресіне жетті. Форумда панельдік сессиялар, пікірталастар мен тренингтер өткізілді. Онда медиа саласының сарапшылары төл тәжірибелері жайында айтып, ойларын ортаға салды. Сондай-ақ «Үркер-2025» ұлттық сыйлығы табысталды. 

Бағдарлама бойынша «Мемлекеттік қызметшілердің беделі мен имиджі», «Data-журналистика», «Сауатты журналист» тақырыптарында шеберлік сабағы өтті. Оған қазақстандық телеарна, радио, газет-журнал басқа да ақпараттық құралдарының қызметкерлері қатысты. 

Анель Әлімбекқызы, SMM маманы:

-Әлеуметтік желіде қазір сауатты контент болуы тиіс. Қазір әлеуметтік желіні барлығы көреді, барлығы пайдаланады. Қазақтілді сауатты контент болған сайын біздің көременнің де оқырманның да сауаты ашыла береді деп сенемін. Өте мықты мамандар өз тәжірибесімен бөлісті. 

Елімізде мыңнан астам телеарна, баспа және цифрлық БАҚ, ақпарат агенттіктері мен желілік басылымдар жұмыс істейді. Іс-шара барысында дәстүрлі ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі арасындағы бәсекелестікті арттыру және әріптестікті нығайтуға жайы сөз болды.

Татьяна Павлюк,  аймақтық газет редакторы /Қостанай облысы/:

-Ұйымдастырушылардың облыстық газеттерді шақырғаны өте жақсы. Өйткені облыстық газеттер үшін панельдік жиында заманауи технологиялардың бізге беретін мүмкіндіктері таныстырылды. Басқа әріптестерімізбен соның ішінде баспасөз хатшыларымен тығыз байланыста жұмыс істеуіміз маңызды. Олар жедел және шынайы ақпаратты ұсыну арқылы бізге жол көрсетеді.  

Дәстүрлі түрде апталық «Үркер» Ұлттық сыйлығын табыстаумен қорытындыланады. Салтанатты іс-шара алдында үміткерлер мен БАҚ-тың дамуына елеулі үлес қосқан журналист, редактор, фотограф және операторлар қызыл кілем үстімен жүріп өтті. Биыл байқауға 400-ден астам өтінім түскен. Үздік жұмыстарды анықтауға тәжірибелі медиа мамандардан тұратын тәуелсіз қазылар алқасы жұмылдырылды. Биыл ұлттық бәйге жылдың үздік журналистік зерттеуі, аналитикалық мақаласы, үздік аймақтық БАҚ, подкаст сияқты 11 аталым бойынша өткізілді. Дәстүр бойынша жеңімпаздарға арнайы мүсінше мен 1 млн теңге көлемінде сыйақы берілді.

Сонымен Astana Media Week апталығы өз мәресіне жетті. Оның аясында салтанатты шаралардан бөлек 8 панелдік сессия, 7 шеберлік сабақ өтті. 65 спикер сөз сөйлепті. Олардың арасында түрлі саланың сарапшылары, тәуелсіз журналистер, Орталық Азия елдері мен Европа, Қытай және Әзірбайжаннан келген әріптестеріміз болды. 

Ердәулет Ыбырайұлы, Әлібек Әлиев, Мейірбек Беспаев