СҚО-да жаңадан салынған медициналық нысан істемей тұр

  • 11
  • 12.08.2025, 18:39

Солтүстік Қазақстан облысында «Ауылдың денсаулық сақтау саласын жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жаңадан салынған фельдшер-акушерлік пункт жұмыс істемей тұр. Покровка елді мекеніндегі медициналық нысан былтыр ашылып, бірде-бір науқас қабылдамай, қайта жабылған. 

Покровка ауылында салынған фельшерлік-акушерлік пункт өткен жылдың желтоқсан айында салтанатты түрде ашылды. Оның құрылысына ұлттық жоба аясында 203 млн теңге бөлінген. «Бірақ медициналық нысан сол күйі істемей тұр», - дейді тұрғындар.

Нышангүл Жайнарова, Покровка ауылының тұрғыны:

-Бітіп, «ой, енді жақсы болды, осы жерден укол алып, жата береміз» деп едік, әлі безірейіп тұр. Істемейді. Сыртынан өтіп сүйсініп өтеміз. Бірақ істеп жатқан жоқ. Осынша соларға халық үміт артты, істемегеннен кейін біз не дейміз енді, қара халықтың қолынан не келеді, шарамыз жоқ. 

Бірден-бір күн жұмыс істемеген фельдшерлік-акушерлік пунктің айналасын шөп басып кеткен. Ал былтыр желтоқсан айында төселген тас төсеніштері бүлініп, жұмысшылар қайтадан жинап алған.

Жаңа медициналық нысанның жабық тұрғанына 8 ай болды. Ал ауыл медбикелері әлі күнге дейін әкімдік ғимаратын паналауға мәжбүр. Олар науқастарды аядай ғана кабинеттерде қабылдайды. 

Зейнеп Забынбекова, медбике:

-16-ы ашылғаны рас. Бірақ ішіндегі жаңағы жаңбырдан кейін су өткені бар, солардың бәрін істеген адамдар қайтадан істеп береді. Сосын бізге айтады, көшеміз. Ішінде әжетханасы бар. Ыңғайлы кәрі кісілер келсе де, мұнда сыртта енді. Ыңғаймыз. 

Солтүстік Қазақстан облысында «Ауылдың денсаулық сақтау саласын жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 5 млрд теңге бөлініп, елді мекендерде 46 емдеу мекемесі салынды. Қазір іс жүзінде оның 4-еуі ғана жұмыс істейді. Қалғанында лицензия жоқ.

Гүлнәр Қалиева, денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

-Қалғандарының құжаттары кейбірінің жасалып жатыр. Лицензия алу үстінде. Ал Мамлют ауданындағы Покровка ауылындағы ФАП жайында айтатын болсақ, онда мердігер компания ұсақ-түйек кемшіліктерді жойып жатыр. Содан кейін барып қана біз толықтай өзімізге қабылдап алып, лицензияға ұсыныс жасайтын боламыз. Өтініш хат жазылатын болады. 

Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған ұлттық жоба аясында ел бойынша 300 медициналық нысан салынды. Ол үшін Үкіметтен 40 млрд теңге бөлінген. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков